NEGE-нің саяси күнтізбесі: Үмітпен өткен бір жыл

Биылғы жылдың саяси күнтізбесі сәтті болды деп айта алмаймыз. Қаңтардағы бүліктің соңы қымбатшылық пен әлеуметтік саланың әлсіреуіне әкеп соқты. Бұған Ресейдің Украинаға соғыс ашуы да себеп болды...
NEGE порталы биылғы жылдағы басты саяси оқиғалардың тізбегін жасады.
Қанды қаңтар
1 қаңтарда Жаңаөзен қаласының әкімдігі алдында сағат 17:20-да бір топ адам жиналып, газ бағасын төмен түсіруді талап етіп, ел басшылығына бейне үндеу жолдады. Күннен күнге наразылық шеруіне қатысушылардың қарасы көбейді. Наразылық акциялары өзге өңірлер мен қалаларға тарала бастады. Атап айтқанда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Батыс Қазақстан, Алматы облысы және Шығыс Қазақстан облыстарын шарпыды.
Он бір өңірде толқу болғаны анықталды. Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз, Қызылорда қалаларында әкімдікке шабуыл жасалып, дүкендер тоналды. Кейбір деректерге қарағанда, елдің он бір өңірінде дүрбелең жүріп жатты. Митингке шыққандардың саны 50 мыңнан асып жығылды.
Телеарналар Қ.ТОҚАЕВТЫ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы деп көрсетті. Президент «терроризмге қарсы операция» жүргізілетінін, ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді.
Күштік құрылымдар қару қолдана бастады. ҰҚШҰ ұжымдық күштері құрамын Қазақстанға жіберу туралы шешім қабылданды. Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 10 000-ға жуық адам ұсталып, 225 адам қаза болғаны айтыды. Кейін құрбандардың саны 238-ге жетті.
Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды
8 қаңтарда жағдай тұрақталып, митингтер тоқтады. ҰҚК экс-басшысы Кәрім МӘСІМОВ «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыппен тергеу изоляторына қамалды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ елден кетіп қалды деген сөз көбейген тұста оның баспасөз хатшысы Айдос ҮКІБАЙ Туиттерде Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда екенін жазды.
Назарбаев биліктен шеттетілді
18 қаңтарда ұзақ үнсіздіктен кейін Нұрсұлтан Назарбаев үндеу жасап, 2019 жылы биліктен кеткенін, қазір қарапайым зейнеткерлердің бірі екенін мәлімдеді.
27 қаңтарда Сенат заңдарға түзету енгізіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар өкілеттілігінен айырды. Оның ішінде Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы мен Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы қызметі де бар.
Ресми БАҚ-тар Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы» сөзінің орнына «тұңғыш президент» сөзі қолданыла бастады.
28 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезіне қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Nur Otan» партиясының төрағасы қызметін өткеріп берді.
Ресейдің Украинаға басып кіруі
Қытайда өткен қысқы олимпиададан соң, 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кірді. Ресей президенті Владимир ПУТИН Украинаға ашқан соғысын «арнайы әскери операция» деп атады. «Соғыс» деген сөзді қолданған адамдар сотқа тартылатын заң шығарды.
Кремльдің агрессиясын Батыс елдері айыптап, тарихта бұрын-соңды болмаған санкциялар тізбегін салды. Батыс компаниялары мен Путинге наразы адамдар елден кете бастады.
Бірақ, Ресей әскери бірнеше майданда сәтсіздікке ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Ұрыс Украинаның шығысында жүріп жатыр. Бірақ қалған аймақтардағы маңызды стратегиялық нысандар тегіс атқылануда.
Конституциялық реформа
5 маусымда Конституцияға өзгеріс енгізу жөнінде жалпыұлттық референдум өтті. Оған сайлаушылардың 68,05%-ы қатысты. Олардың 77,18%-ы қолдап дауыс берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін Конституцияға енгізу ұсынысы қабылданбады.
Президент жолдауы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдау жасады. Онда экономикалық және әлеуметтік реформалар жөнінде сөз қозғалып, алда Президент сайлауы өтетіні жария болды.
Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған адамдардың басым бөлігіне рахымшылық жасалатыны айтылды.
Астанаға Астана атауы қайтарылды
17 қыркүйекте елордаға Астана атауы қайтарылды. Бұған Конституцияға енгізілген өзгерістер жол ашты. 2019 жылы Астанаға Нұр-Сұлтан атауы берілген болатын.
Республика күні қайта тойланатын болды
Қыркүйектің соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарды. 25 қазан мереке және демалыс күні болды.
Ресейдегі мобилизацияның Қазақстанға әсері
21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялады. Соғыстан қашқан ресейліктер көрші елдерге ағылды. Қазақстанға 800 000-нан астам адам қашып келді. Ұшақ билеттері мен жалға берілетін үйлердің бағасы ә дегеннен-ақ шарықтап шыға келді.
Президент сайлауы
20 қарашада Президент сайлауы өтті. Президент енді тек бір мерзімге және жеті жыл ел басқара алатын болды. Сайлау комиссиясының ресми дерегінше, Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, жеңіске жетті.
Елбасы туралы заңның күшін жою
Мәжіліс депуттары Елбасы туралы заңның кшін жою туралы бастама көтерді. Биік мінберлерден бұдан соң Назарбаевты жауапқа тартуға болатыны жайында әңгіме қозғала бастады.
Жыл соңында Мәжіліс бұл заңды қабылдап алды. Енді заңның күшін жою мәселесін алдағы жылы қаңтарда Мәжіліс пен Сенат депутаттары бірлескен отырыста шешеді.