25 Қазан 21:42
...

NEGE.KZ жазған мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалды

Фото:

Бүгін Nege.kz порталында Алматы облысы, Жамбыл ауданының азаматтары Мадияр Әлібаев пен Сапарбек Әлібаевтың шағымы бойынша материал жарияланған. Осы іс бойынша Алматы облысының Полиция департаменті түсініктеме берді.

Ағайынды М.Әлібаев пен С.Әлібаев «Ғабит Үмбетов пен оның баласы Аян «жылқымды ұрладың» деп соққыға жықты, полицейлерден де жәбір көрдік» деген шағым айтқан. Редакцияға медициналық сараптаманың қорытындысын да жолдады.

С.Әлібаев пен М.Әлібаев.

Тілшіміз М.Әлібаевқа хабарласып, Ғабит Үмбетовтің кім екенін сұраған еді. Мадияр Әлібаевтың айтуынша, Ғ.Үмбетов – Алматы облысын бірнеше жыл басқарған, соңғы жылдары Мәжіліс депутаты болған Серік Үмбетовтің туған бауыры, ал Аян – Ғабит Үмбетовтің ұлы.

Шағымданған жігіттердің сөзіне қарағанда, оларды жасамаған қылмысты мойындату үшін төрт күн ұрып-соғып, заңсыз қамап қойған. 

Nege.kz тілшісіне осы мәселеге байланысты Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ақбота Әзірбек жауап берді.

«Азамат У-дан 57 бас жылқы ұрлау фактісі бойынша 2019 жылы ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі 3-тармағы негізінде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған қылмысты жасады деген күдікке ілінген А. және  Н. есімді азаматтар ұсталды, олар өз кінәләрын толық мойындады, сонымен қатар олардың осы қылмысқа қатыстылығы Н. есімді азаматшаның жауабымен және істің басқа да материалдарымен расталды. Күдіктілердің екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, азамат Н-ға қатысты «қамаққа алу» шарасын, ал азамат А-ға қатысты сот «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.

Nege.kz порталы арқылы шағымданған адамдардың заңсыз бас бостандығынан айыру және зорлық-зомбылық қолданғаны туралы дәлелдерін тексеру үшін Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады», – деп жауп берді ПД баспасөз хатшысы.

Тегтер: