20 Қараша 08:39
...

NEGE сияқты ресурс бізге аса қажет!

Мәжіліс депутаты
Фото: ғаламтордан

Биыл порталдың 5 жылдығы – алғашқы мерейтойы екен. Порталдағы әріптестерімді 5 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! 

2019 жылы қоғамға келген саяси жылымықтың негізінде масс-медиада буырқанған үлкен өзгерістер болды. Интернет ресурстар жауыннан кейін қаптаған саңырауқұлақ сияқты көбейді. Солардың ішінде Nege.kz порталының шоқтығы биік. NEGE – конструктивті бағыттағы, салиқалы, нысаналы, зерттеулер жасайтын, елге, қоғамға салмақты сараптамалар ұсына алатын, менің көңіліме қонатын ақпараттық-сараптамалық портал.

Буырқанған ақпараттың, дамыған технологияның күн сайын өзгеріп жатқан заманында көшке ілесе білу, көшке ілесіп қана қоймай, көштің алдында болу оңай емес. Қазақстан масс-медиасында елге танымал, қоғамдық пікір қалыптастыра алатын, елге дұрыс нәрсе ұсынып жүрген он ресурс болса, соның бірі Nege.kz порталы деп есептеймін.

Бұл порталда ауық-ауық жарияланып тұратын сараптамалар, зерттеулер мен сұхбаттарды оқып жүрем, көңіліме қонады. Өзім де сұхбаттар бердім, кейіпкері де болдым. Мұндай ресурс бізге аса қажет. Себебі жағадан алып жауапсыз сынайтын, билікке де қоғамға да зәрін төгетін ресурстар қазір көп. NEGE порталын олардан бөлек, қоғамды топтастыруға ықпал ететін, мәмілеге шақыратын, жолын көрсететін, салиқалы портал деп білем. Осы алған беттеріңнен қайтпаңдар, құрметті әріптестерім!

Қалай айтсақ та, қазір қазақ қоғамы транзиттік кезеңді басынан кешіріп жатыр. Өткен жылғы, биылғы референдуммен немесе әлдебір заңдарды өзгертумен транзит бітті деп есептеуге болмайды. Бізге санадағы транзит керек, қоғам санасындағы өзгеріс керек. Осыған әсер ететін, жәрдемін тигізіп,бір пұшпағында жүретін осы NEGE жасай берсін, жарқырай берсін!

Ермұрат БАПИ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты