Ne Prosto Orchestra Республика сарайын билет сатқаны үшін комиссия төлеуге мәжбүрлеп отыр деп айыптады
Ne Prosto Orchestra ұжымы бірнеше айдан бері Алматыдағы Республика сарайында концерт өткізе алмай жүргенін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Музыкалық ұжымның мәлімдеуінше, концерт ұйымдастыру үшін олардан залды жалға алу ақысынан бөлек, билет сатудан түскен жалпы табыстың 2 пайызын «Алматы әуендері» кәсіпорнына төлеу талап етілген, қосымша келісім жасамайынша, оларға іс-шара өткізуге мүмкіндік берілмеген.
Оркестр өкілдерінің айтуынша, концерт билеттерінің 98-99 пайызы Ticketon және басқа да тәуелсіз платформалар арқылы сатылады. Ал Республика сарайының өз билет операторы 2 500 орындық залда небәрі 20 билетке дейін ғана өткізеді.
«Біз концерт билеттерін іс жүзінде сатпайтын ұйымға жалпы түсімнің 2 пайызын не үшін төлеуіміз керек? Егер қажет болса, залды жалға алу ақысын белгіленген мөлшерде көтеруге дайынбыз. Бірақ билет операторларымен келісімшартты өзіміз жасасақ дейміз. Алайда бұл ұсынысымыз қабылданбады», – дейді Ne Prosto Orchestra өкілдері.
Республика сарайының әкімшілігі бұл талапты антитеррорлық қауіпсіздік пен көрермендердің кіреберістегі бақылауын қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірген. Дегенмен оркестр өкілдері қауіпсіздік талаптарын қосымша коммерциялық келісімшартсыз да орындауға дайын екенін жеткізген.
Бұдан бөлек, ұжым әкімдік пен өзге ұйымдарға алдын ала брондалған билеттердің кейін сатылымнан табылғанына қатысты күмән келтіретін бейнематериалдары бар екенін мәлімдеді. Осы жағдайларға ресми тексеру жүргізуді талап етіп отыр.
Оркестр өкілдері соңғы алты айда Республика сарайының басшылығына, Алматы қаласының Мәдениет басқармасына, мәслихатқа және басқа да жауапты органдарға бірнеше рет жүгінгенін айтады. Қазір олар Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне де өтініш берген.
Сонымен қатар, ұжымның айтуынша, олар әлемнің сегіз елінде концерт ұйымдастырғанымен, мұндай тәжірибеге еш жерде тап болмаған. Олардың пікірінше, залды жалға алу ақысынан бөлек, іс-шарадан түскен жалпы табыстың белгілі бір пайызын талап ету – тек Республика сарайы мен «Алматы Аренаға» тән тәжірибе.
Оркестр мұндай талапты орынсыз деп санап, оған құқықтық баға берілуі керек екенін атап өтті.
«Біз залды тегін жалға беруді немесе басымдық беруді сұрамаймыз. Зал, қауіпсіздік және нақты көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеуге дайынбыз. Бірақ экономикалық негіздемесі түсініксіз жалпы табыстың бір бөлігін беруге келіспейміз», – деп мәлімдеді Ne Prosto Orchestra ұжымы.
Ал «Алматы әуендері» КМҚК әлеуметтік желіде жариялаған жауабында Ne Prosto Orchestra таратқан ақпаратты теріске шығарды.
Кәсіпорынның мәліметінше, 2018 жылы Республика сарайында билеттерді брондау және сату процесін автоматтандыру жүйесі енгізілген. Қазір кәсіпорынмен жеті жеке билет операторы жұмыс істейді. Сонымен қатар билеттер ресми сайт пен кассалар арқылы да сатылады.
«Аталған сату арналарының әрқайсысында билетке жеке бірегей код беріледі. Бірыңғай интеграциялық жүйе болмаған жағдайда, кәсіпорын көрермендердің билеттерін тексеру үшін кіреберісте әрбір операторға жеке-жеке тиесілі жеті дербес тексеру жүйесін орнатып, олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мәжбүр болар еді», – делінген кәсіпорын түсіндірмесінде.
Кәсіпорынның мәлімдеуінше, 2 пайыздық комиссия іс-шара ұйымдастырушыларынан тікелей алынбайды. Ол билет операторларымен жасалған шарттарға сәйкес бірыңғай билет жүйесін пайдаланғаны үшін төленеді. Ал билет операторларының өз қызметтері үшін белгілейтін 6-20 пайыз аралығындағы сервистік алымдары мен басқа төлемдерін кәсіпорын реттемейді.
«Аталған комиссиядан тускен қаражат кәсіпорынның ресми есепшоттарына түседі. Бұл қаражат еңбекақы төлеуге, кіруді бақылау және басқару жүйесіне техникалық қызмет көрсетуге, серверлік инфрақұрылымды күтіп ұстауға жане басқа да қажетті пайдалану шығындарын өтеуге жұмсалады», – делінген ресми жауапта.
Сондай-ақ «Алматы әуендері» Ne Prosto Orchestra ұжымы 2018 жылдан бері Республика сарайында көптеген іс-шара өткізіп, билет сату, брондау, есепке алу және көрермендердің кіруін бақылау кезінде кәсіпорын инфрақұрылымын пайдаланғанын атап өтті.