«Саясатқа қызықпайтын» өнер иелері жаңа Үкіметтен не күтеді?
Үкімет басшысы ауысып, Олжас Бектенов Премьер-министр болып тағайындалды. Жаңа премьерге қатысты айтылып жатқан әңгіме көп. Өнер мен мәдениеттің өкілдері Жаңа Үкіметтен не күтеді?
Сәкен ҚАЛЫМОВ, әнші:
Жүрегінде иманы бар адамнан ғана жаңашылдық күтуге болады
– Шынын айтсам, мен қазір мүлде теледидар қарамаймын. Себебі, онда сүйсініп қарайтын ештеңе қалмады, өңшең бай іздеген арсыз қыздарды жарнамалайтын ток-шоулар қаптап кетті. Сондықтан Үкіметте не болып жатқанынан бейхабармын. Әлеуметтік желіден де алшақпын. Маған одан да қымбат құлшылық пен Құран атты құндылық бар.
Қосылғыштардың орыны ауысқанмен, қосынды өзгермейді деген бар. Дегенмен, «Үмітсіз – шайтан» дейді, жоғарыға жаңа тұрғыда ойлайтын, Құдайдан қорқатын, жүрегінде иманы бар тұлғалар келсе, жаңашылдық күтуге болады. Ал өзінің қара басын ойлайтына адам болса, одан үміт күту бекер тірлік.
Мысалы, Германияның канцлері болған тұста Ангела Меркель екі мерекеге қатарынан бір көйлек киіп барыпты. Мұны көргендер: «Өткендегі көйлегіңізді тағы киіп келгеніңізді қалай түсінуге болады?», – десе ол: «Мен модельер емеспін, халықтың құлымын», – деп жауап берген екен.
Егер біздің Үкімет басына осындай дәрежеде ойлайтын азаматтар келсе, онда әлбетте өзгеріс болады. Ал ескі жүйемен тәрбиеленген адам болса, онда бәрі бос әуре.
Хамит ШАҢҒАЛИЕВ, композитор:
Мен Аида Балаевадан үміт күтемін
– Үкімет басында қандай-ауыс түйіс болып жатқанынан хабарым жоқ. Өйткені студияда күніге қауырт жұмыс, әрі-бері қарайласуға мұршам болмай жатыр. Жаңа тағайындалған премьердің өнерге қатысы жоқ болса, мәдениетке мойын бұра қоюы екіталай деп ойлаймын. Себебі, әр маман өзінің білетін жағын бүтіндеуге тырысады ғой. Бір жағынан өнер саласына Үкіметтің мән бермей кеткеніне етіміз үйреніп қалған сияқты.
Бар үміт – Мәдениет және ақпарат министрілігінің тізгінін қайта қолына алған Аида Балаевада. Ол кісімен біраз жобалардың басы-қасында жұмыс жасап көрген едік. Өзі де ән салады, өнерге жақындығын байқатып жүр. Көрген жерде «айтыңдар, жазыңдар» деп, әнші-сазгерлердің дегеніне құлақ асып, үнемі қолдау білдіруге тырысады.
Ермек БЕКТАСОВ, актер:
Әртістердің баспана мәселесін шешіп берсе...
– Жақсы басшы келгені халыққа да жақсы. Бірақ Үкімет басында қайта-қайта ауыс-түйіс жасай бергенді өз басым құптамаймын. Бір премьер келіп, жұмысты қолға енді алса, оны алып тастап, екіншісін тағайындайды. Бұл қысқа мерзім ішінде сүбелі жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Әйтпесе, шешімін табуға тиіс мәселе өнерде де жетеді.
Мәселен, арыға бармай-ақ өзіміз жүрген театр мамандарына қарасты баспана мәселесі бар. Пәтерді несиеге алсаң, банкке екі-үш еселеп қайтарасың. Ал оны қайтаратын жалақының да жайы белгілі. Соның салдарынан театрдың еңбек етіп жүрген әртістердің дені пәтер жалдайды. Өнер мен мәдениеттің қайраткерлеріне қарайласамын десе, Үкіметбасы осы жағына көңіл бөлгені игі болар еді.
Мақсат БАЗАРБАЕВ, әнші:
Жаңа Премьерге сенім артамын
– Өз басым саясатқа аса бір қызығушылық танытпаймын. Бірақ елдің болашағы мен тыныштығына біз де бір кісідей алаңдаймыз.
Жаңа келген Премьер жас азамат деп естіп жатырмыз. Бұл да жөн бе деймін. Себебі, біздің кездегі жастармен қазіргілерді салыстырсақ, арада айырмашылық көп. Қазіргі қыз-жігіттер еңбекқор әрі болашаққа деген талпынысы мол.
«Болам деген баланың балағынан тартпа, белін бу» деген ғой. Сондықтан креативті әрі заманауи тұрғыда ойлайтын азаматтарды жоғары билікке тартудың пайдасы бар. Осы орайда жаңа келген премьерге сәттілік тілей отырып, елдің болашағына қызмет етеді деп сенемін.