11 Сәуір 16:02
...

Nazira Gold ісі: Салымшылар бостандық талап етті

Қаржы пирамидасы
Фото: Фото: NEGE

Өткен айда Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкент қалалық департаменті «Nazira Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтаттық» деп хабарлаған болатын.

«Күдіктілер екі айға қамауға алынып, тергеу жалғасып жатқанын, заңға сәйкес тергеу туралы басқа ақпарат жария етілмейтінін» мәлім етті Қаржы мониторингі агентті.

Аталған жайтқа қатысты Назираның қорғаушылары, анасы және салымшылары мен жақтастары Астанада баспасөз мәслихатын өткізді. Адвокаттар кәсіпкерге негізсіз айып тағылғанын айтып, петицияға бірнеше мың азаматтың қолы қойылғанын, арызды құзырлы органдарға тапсыратындарын айтты.

«Назираның салымшылары (Назира Бибосынова – ред.), оның ішінде жаңадан ақша салып жұмысты енді бастағандар бұл кісіні терең танып, көп біліңкіремейді. Олар ақша салғандарына бір айдан астам уақыт өтті, әлі ештеңе жоқ, сондықтан «мен алданған екенмін» деп ойлайтыны кәдік. Шынтуайтында Нәзира ай сайын тиесілі ақшаны беріп отырған. Қазір енді қамауға алынғандықтан жұрттың қаражатын қайтарып беруге мүмкіндігі жоқ, одан бөлек өзінің дүние-мүлкі, салымшыларға беруі тиіс заттары бұғатталып шектеу қойылды. Сондықтан да көпшіліктің талабы – Назираға бостандық берілсін дейді.

Назира бостандыққа шығып, халыққа тиесілі қайтаратын дүниесін өзі қайтаруы керек. Назираға бостандық сұраған 12 мың адамның қолын және талап-арызын құзырлы органдарға жеткізуге жиналдық. Жазықсыз адамның құқығы тапталып, жапа шекпеуі керек. Баспасөз жиынына келген көпшіліктің де сұрайтыны осы талап», – дейді заңгер Тілеужан Кішкенебаев.

Ал қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен қамалған Назираның тағы бір қорғаушысы Бауыржан Кішкенебаев әлеуметтік желіге Назираның осы уақытқа дейін атқарған жұмысына қатысты бірнеше бейнежазба жарияланғанын. Бейнежазбаларға 10 мыңнан астам пікір жазылғанын көз сүзіп оқып шыққанда Нәзираға қарсы бірде-бір қиғаш пікір болмағанын, керісінше, барлығы да қолдап, жанашырлық танытып отырғанын айтты.

«Пікір жазушылардың арасында «Осы уақытқа дейін Назира пәтерге қолы жетпей жүрген қамкөңіл жандарға қолұшын созып баспаналы болуына септесті, бірнеше адамға дәрі-дәрмегіне көмектесті, Түркияға барып емделуіне қолдау көрсетті. Назираның арқасында кәсібімізді жүргізіп отырмыз» деген пікірлерді, қолдауды оқып, оның расында ақ адал еңбек еткен жан деп санаймыз. Сондықтан жиналып, баспасөз мәслихатын өткіздік. Оның 1 жастағы құндақтағы сәбиі, одан бөлек 6,4 жастағы да балалары бар екені ескерілуі керек. Біз тергеу органдарына қайта-қайта айтып аппелляциялық шағым да түсірдік, еш қайран болмады. Амалдың жоқтығынан осы баспасөз мәслихатын өткізуге бекіндік», – деді. Б.Кішкенебаев.

Қаржы пирамидасы
Фото: NEGE

Назираның анасы Фарида Марқабай қызына теріс тәрбие бермегенін, керісінше, кішкентайынан кісінің ала жібін аттамауға, адамның ақысын жемеуге, обал-сауапты білуге үйреткенін айтты.

«Мен қызымды дұрыс тәрбиеледім деп ойлаймын. Өйткені қаншама адам қолдап жазып жатыр, тілеуін тілеп отыр. Ол бала күнінен сезімтал, бауырмал болды. Ата-анасына, бауырларына қамқорлық жасады. Еңбекқор, тазалықты ерекше қалайтын. Өзгеге көмектесуге ұмтылды. Толыққанды отбасында өсті, мектепті бітірген соң колледжді қызыл дипломен аяқтады. Колледжде оқып жүріп те жұмыс істеп бізге қарайласты, Үш баласы үйде анасын күтіп сағынып жүр. Менің қызым заңсыз қамалып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Үкіметтен, құзырлы органдардан қызымды бостандыққа шығаруын сұраймын. Үйімізден табылған алтын бұйымдар, басқа да заттардың барлығы елдікі, егер біз Назираны ақтап алып шықсақ заттың бәрі иесіне қайтарылады. Ол өзі ісінің адал екеніне сенгені соншалық ешқандай қауіп-қатер, жала жабылады деп ойлаған жоқ. Мен қызыммен жиі жүздесіп жүрмін. Оның рухы мықты, ол «анашым неге жүдеу тартып кеттіңіз. Еңселеріңіз түспесін, мен тек көпшілікке жақсылық жасадым» деп мені қайраттандырады.

Ауылға келген сайын «тұрғындардың жағдайын сұрап, біліп тұрды. Бірде мен оған ауылдағы І топтағы мүгедек кісінің үйі жоқ екенін айттым, көп ұзамай әлгі кісіге баспана сыйлады. Мұқтаж кісі ерекше қуанды. Ауылымызда жаңа мектеп салынған соң бәрі көшірілді. Ескі мектепті төрт баласымен бір отбасы бірнеше жыл паналады. Есігі жоқ, ешқандай жағдай жасалмаған ескі ғимаратта тұрған отбасына көмектесті. Ауылда фельдшер болып жұмыс істейтін ІІІ топтағы мүгедек кісі аяғы ауырғанына қарамай ауылды жаяу аралайтын. Сол кісі қиналмасын деп үш дөңгелекті мопед сатып әперіп, қамқорлық танытты.

Мен Ордабасы аудандық емханада мейірбике болып жұмыс істеймін. Санитарлардың еңбекақысы мардымсыз. Сол емханадағы 20 санитарлық қызметкердің әрқайсына 50 мың теңгеден несиесін өтеуге қаржылай көмектесті. Жұма сайын ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратты. Бұл Назираның бұлжымас сауапты ісіне айналды. Бірақ садақаны жария етпейді деп жарнамаламайтын. Темірланда тұратын көпбалалы отбасына да үй алып берді. Жылқы сойып, жетім-жесірлерге бөліп беретін. Менің аналық өтінішім – халық қызыма қолдау танытса деймін», – деді анасы.

Назираның салымшысымыз деп жиынға келгендер тізе қосып бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде табысқа жеткенін, несиелерін уақытында төлеп, қажеттіліктерін өтегендерін айтты.

Адвокат Тілеужан Кішкенебаев Назира алтын сату бизнесінде өз қаржысы жетпеген соң кәсіпкерлермен келісе отырып олардың да қаржысын жинап кәсіпті жүргізуге салғанын жеткізді. Алтын бұйымдарды сатып алуға өзінің қаражаты жетпеген соң бірнеше адаммен бірлесе сатып алғаны заңға қалай томпақ екеніне таңданысын білдірді.

«Егер салымшылар салған қаражатын, не алтын бұйымын бірнеше ай ала алмаса бір жөн. Көпшілік өзара бірігіп қаржы жинап алтын бұйымдарын сатып алады екен де, соны сатып пайда көрсе, сол пирамида саналады екен. Назираға араша сұрап 800 арыз жазылды, 12 мың адам петицияға қол қойды. Біз соның бәрін құзырлы органдарға тапсырамыз. Назираға бизнестегі кейбір әріптестері алтындарын сатып беруді де өтінген. Бір жылда 1 миллиард теңге көлемінде салық төлеген. Мемлекетке де, халыққа да зиянын емес, керісінше, пайдасын тигізіп отырған мұндай кәсіпкерді қудалау емес, қолдау керек», – деді Т.Кішкенебаев.

Прокуратура саласында 20 жылдан астам қызмет істеп, бірнеше қаржылық пирамида істеріне қатысқанын айтқан заңгер Бауыржан Кішкенебаев қаржылық пирамидалық пиғылдағы әрекеттердің жұртшылықтың әуестігін арттыратын жарнамасы жер жаратынын алға тартты. Ал Назираның бүгінге дейін атқарған ісінде ешқандай да пирамидалық әрекетті көксейтін жарнаманың жасалмағанын, тіпті болмағанын да айтты.

Баспасөз конференциясына жиналған салымшылар «Назираны отбасының бір мүшесіндей жақын көретіндерін» де айтып, бостандыққа шығуын талап ететінін жеткізді.