Назым Қызайбай сыйлыққа алған көлігін сатуға дайын
Танымал боксшы, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Олимпиада ойындарынан кейін сыйға алған көлігін сатпақ. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Алматы, NEGE. Спортшы мұндай шешімді өз армандарының бірін орындау үшін қабылдаған.
«Мен үшін ерекше маңызды үш үлкен мақсат бар еді. Біріншісі – үш дүркін әлем чемпионы атану. Екіншісі – ата-анама үлкен үй сыйлау. Үшіншісі – өзімнің бокс залымды ашу. Осы мақсаттардың екеуі орындалды. Үш дүркін әлем чемпионы болдым, оған қоса осы жылы екі әлем чемпионаты болғандықтан, өз рекордымды жаңартқым келді, бірақ екіншісінде күміс алдым. Осылайша, әлем чемпионатындағы медальдар толық комплект болды», – деп жазды ол.
Спортшының екінші арманы да орындалған. Ол ата-анасына үлкен үй алып берген. Жыл аяқталуға жақын, сондықтан Назым Қызайбай үшінші арманын да биыл жүзеге асырғысы келеді.

«Қазір шағын ғимарат қарастырып қойдым, ол ұнап та тұр. Соған байланысты бір хабарландыруым бар. Өзімнің әдемі көлігімді сатамын. Бұл көлік маған Олимпиададан кейін сыйға берілген, бір жылдан аса уақыт міндім, жағдайы жақсы. Көлікті жақсы көремін, бірақ арман мен мақсат үшін бұл қадамға баруға дайынмын», – деп жазды спортшы.
Естеріңізге сала кетейік, Назым Қызайбай әлем чемпионатында 2014, 2016 және 2025 жылдары алтын медаль иеленген. 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Назым 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола жүлдеге ие болды. Ал қыркүйек айында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында финалда Үндістан боксшысы Минакшиге жол беріп, күміс медаль еншіледі.