1 Ақпан 15:12

«НАЗАРБАЕВТЫҢ сенімді кадрын» ұстаған – ҰҚК

Фото:
17 қаңтарда

NEGE порталы «Назарбаевтың сенімді кадры ұсталды» деген деректі жариялаған. Ол – «Тұңғыш президент – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур ШАЙМЕРГЕНОВ.

NEGE порталы ІІМ-ге, Антикорға, ҰҚК-ге және Бас прокуратураға ресми сауал жолдаған еді. ІІМ мен Антикор «бізде мұндай іс тіркелген жоқ» деп жауап берді.

Мақала жарияланғаннан кейін тұрақты оқырмандарымыздың бірі Т.Шаймергеновтің «Қытайдың пайдасына шпиондық жасағанын» және оны арнайы қызмет өкілдері ұстағанын хабарлаған. Бұл күдікті ҰҚК растады.

ҰҚК-нің бөлімше бастығы С.АХМЕТҚАЛИЕВ редакцияға жолдаған жауабында былай дейді: «Сіз сұрап отырған мәліметтер дербес деректерге жататындықтан («Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның 1-бабына сәйкес) және сотқа дейінгі тергеу материалдары ҚР Қылмыстық-процестік Кодексінің 201-бабының 1-тармағына, сонымен қатар ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 18-1-бабы 2-бөлігі 3-тармағына сәйкес қол жетімділігі шектеулі болғандықтан Т.Шаймергеновке қатысты ақпарат беру мүмкін емес».

ҰҚК-нің ресми жауабы

«Бас кітапхананың» сайтынан мынадай дерек таптық: «Т.Шаймергенов 1982 жылы Жамбыл облысында туған. 2004 жылы Алматыдағы халықаралық мамандықтар институтын бітірген. 2009 жылы ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында «саяси ғылым кандидаты» деген ғылыми атақ қорғаған.

2009-2018 жылдары Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Пенсильвания, Колумбия университеттерінде басшылық құрамды оқыту бағдарламасынан өтті. Халықаралық қатынастар және қауіпсіздік, стратегиялық менеджмент және тәуекелдерді басқару бойынша біліктілігі бар. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген...»

Тұңғыш президент кітапханасы. Фото: tengrinews.kz

Шаймергенов еңбек жолын 2005-2006 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бастапты. Одан кейінгі жылдары Стратегиялық зерттеулер институтында ғылыми қызметкер, Мәжіліс төрағасы орынбасарының көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінде сектор меңгерушісі, Тұңғыш президент кітапханасында директордың орынбасары, Аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі, СІМ халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы болған.

«Құрмет», орденінің, ҚР Конституциясына 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 25 жыл» және тағы да басқа түрлі медальдардың иегері.

Т.Шаймергенов «Кітапхана» директорының орынбасары болғанға дейін СІМ-нің аса маңызды тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарған.

Шаймергеновті «Қытайдың пайдасына шпиондық жасады» дегендер бір нәрсені біліп айтса керек. Қытайдың ғаламдық телевизиялық желісі CGTN-ге өткен жылдың аяғында берген сұхбатында ол былай дейді: «Батысты алсақ, олар – консервативті елдер. Дер кезінде бейімделе алмағандықтан өндірісі шығынға ұшырады. Ал біз Қытайда өндіріс, түрлі порттар, роботтандыру нысандары бар екенін көріп отырмыз. Үлкен портта бірнеше адам ғана жұмыс істейді, қалған шаруаны робот атқарады. Жаңа тренд, тіпті кафелердің өзінде даяшылар – роботтар. Роботтар ауырмайды. Бұл – үлкен ілгерілеушілік».

Т.Шаймергенов.

Тимур Шаймергенов өткен жылы CGTN-ге екі рет сұхбат беріпті, екеуінде де шығыстағы үлкен көршіге бүйрегі бұрып тұрғаны байқалады. Сосын қытайлық БАҚ оның лауазымын «Қытайды зерттеу орталығы ғылыми тобының жетекшісі» деп жазыпты.

Тұрақты оқырманымыздың айтқаны рас болса, Шаймергенов Қытайды «тым індете зертеп жіберген» деп пайымдауға болатын сияқты. Алдымен Бас прокуратурадан жауап күтейік. 

Тегтер: