«Назарбаевтың жақтастары қоқан-лоқы жасады» – Мүсінші Ербосын Мелдібеков
Күні кеше Алматыдағы Әскерилер үйінің Мәрмәр залында еліміздегі алғашқы интернационал суретші Ербосын Мелдібековтің «Боран – Байқоңыр, Жібек жолы мен Құс жолының арасы» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті.
Уақыт тынысын көрсеткен көрмеде көпшілікті елең еткізген – Назарбаевтың төңкеріліп тұрған ескерткіші. NEGE тілшісі мұның жайын мүсіншінің өзінен сұрап білді.
– Бұған дейін де сіздің әр туындыңыз жұртты таң қалдыратын. Осы жолы да солай болған сияқты.
– Мен бұл жолы он екі жұмысымды ұсындым. Бірақ соның ішіндегі «Падение автора» атты бір туындым көптің назарын аударып отыр. Жасыратыны жоқ, Назарбаевтың жақтастары көп. «Мен сені құртам!» дегендер де табылып жатыр. Туындыны тамаша жеткізгенімді айтып, жоғары баға беріп жатқандар да бар.
– Мұнымен не айтқыңыз келді? Назарбаевтың дәуірі өтті дегіңіз келді ме?
– Менің туындым бар болғаны Талдықорғандағы бір ескерткіштің тағдырын бейнелейді. Қаңтар бүлігі кезінде құлаған ескерткіш бар-жоғы үш секунтың ішінде жермен жексен болды ғой. Бар болғаны соны бейнеледім. Яғни, ситуацияға саяси емес, өнер жағынан қарадым. Сондықтан бұған бола мені жазғыру орынсыз деп білемін. Олай болса, репрессия, концлагер туралы ақындар мен режиссерлерге айтқызбай, жазғызбай қойсын.
– Енді жан-жақтан келіп жатқан қысымға байланысты көрмедегі ескерткішті алып тастайын деп жатқан жоқсыз ба?
– Біреу қасақана қиратып кетпесе, оны көрмеден алмаймын. Себебі дәл осы мүсінді жасау үшін банктен несие алдым.
– Әлдекімдер үстіңізден арыз жазуы мүмкін ғой...
– Бұған көпшілік көркем туынды ретінде ғана қараса деймін. Себебі қайталап айтамын, мен тек ескерткіштің құлауын суретші ретінде сомдағым келді. Қаңтарда түсірілген видеожазбаны бірнеше рет қайталай көрдім. Қанша секундта, қанша градусқа жерге жақындады, бәрін саралап, сүзгіден өткіздім. Айналдырған 2-3 секундтың ішінде билік құлады. Бар болғаны осы.
– Бұған дейін сіз «24/7» атты көрмеңізде дауыс зорайтқыштан Нұрсұлтан Назарбаев туралы эпопеяны қайталайтын дауыс қосып қойған едіңіз. Сол кезде көрмеге барған жұрт сізді көп табынушыларының бірі ме деп қалған еді...
– Жоқ, мен ешқашан Назарбаевтың табынушысы болған емеспін. Билікте ұзақ отыру дұрыс емес. Жалпы биліктен кету қиын механизм ғой. Оның соңы Қаңтар бүлігіне алып келді.
– Қолжуғыштың түбін тауға айналдырып, осы арқылы әр заманда үстемдік құрған Кеңестік биліктің идеологиясын ирониямен жеткізген едіңіз. Бүгінгі система алда қандай туындыға сұранып тұр?
– Бір қуанатыным – Қазақстан Беларусьтің кебін кимеді. Тоқаевтың жақтасы емеспін, бірақ бізді осындай бодандықтан сақтап қалғанына ризамын.
Қазір Қазақстан өте қиын тарихи кезеңнен өтіп жатыр. Біз жалпы көшпенді халық болғандықтан, еркін өмір сүруге тиіспіз. Маған шығармашылық адамы ретінде ескерткіштің құлауы қызық болды. Сондықтан оны реалистік тұрғыда көрсетуге тырыстым. Одан арғы ұсынатын туындыларымның мазмұнын уақыт көрсетеді.