18 Наурыз 15:31
...

«Назарбаевтың құдасы» Алмасадам Сәтқалиев жаңа қызметке тағайындалды

Министр
Фото: А.Сәтқалиев. Фото: ғаламтордан

Президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен Алмасадам Сәтқалиев Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы болып тағайындалды. Ол 2023 жылдың 4 сәуірінен бүгінге дейін Энергетика министрі болған. Министрліктің алдында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын да басқарды. Бір ауыз сөзбен айтсақ, Сәтқалиевке әрдайым «жіліктің майлы басы» тиеді. Мұның құпиясы неде екен? 

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұған дейін А.Сәтқалиев туралы бүй деп жазғанбыз: «Қанша жерден орыстілді болса да, Сәтқалиевтің қазақ екенін әйгілеп тұратын бір ерекшелігі бар. Энергетика министрінің баспанасы ылғи «базар» болып жатады. Өйткені Сәтқалиев демографияға үлес қосқан тұлға: 4 ұл, 1 қыздың әкесі. Әке-шеше үшін ұлдың ұяға, қыздың қияға қонғанынан артық бақыт болмаса керек. Ал егер тапқан теңі – айтулы жердің түлегі, әйгілі әулеттің перзенті болса, әке – армансыз, ана – уәйімсіз. Алмасадам Сәтқалиевті «армансыз» адам ретінде суреттеген бір мақаланы осыдан бірнеше жыл бұрын exclusive.kz порталы жариялаған. Ондағы деректерге үңілсек, «Сәтқалиев Назарбаевпен құда болып» шығады. «Сәтқалиевтің қызы Анадель Майданова мен Тауман Назарбаевтың арасында қыл өтпейтіндей жақындық бар», дейді басылым. Тауманды білуіңіз керек, Нұрсұлтанға Әсел Құрманбаева тауып берген қос ұлдың үлкені. Анадель – Алмасадамның маңдайына күн тигізбей өсірген жалғыз қызы.

«Екеуі құрдас әрі бала күндерінен дос. Кейбір әңгімелерге қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев үйіне келгенде Тауманды ғана емес, Анадельді де қолына алып, көтеретін. Сондай-ақ, оның әкесін де...». Астарлы сөздің айтпағын түсіндіңіз деп ойлаймыз. Басылым екі жастың арасындағы жақындықты сөз ете отырып, Сәтқалиевтің өсу баспалдағына қатысты болжамды да сүйкете кетеді.

Атом адам
Коллаж NEGE

Бір қызығы, бұл мақала 2021 жылы жарық көрсе де, қоғамға 2023 жылы кеңірек танылды. Өйткені бұл кезде Сәтқалиев Энергетика министрі болған еді. Екі жастың бірге түскен фотоларын пайдалана отырып монтаждалған бейнетаспа мен құдандалық құпиясы туралы ақпарат желіден желіге, сайттан сайтқа тарады. Тіпті кейбір басылымдар «Назарбаев пен Сәтқалиев қазақы дәстүрмен құдаласқан, Анадель айттырылған» деп жазды. 

Көп ұзамай, министрліктің баспасөз қызметі бүй деді: «Әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпаратқа жауап ретінде мынаны хабарлаймыз: Энергетика министрінің қызы сыныптасымен суретке түскен, бірақ жақын қарым-қатынаста емес. Алмасадам Сәтқалиевтің тұңғыш президентпен туыстық байланысы жоқ және болған да емес».

Құдалықтың туыстыққа жатпайтыны рас. Өйткені туыстардың қаны бір. Ал құдалықта қан қосылады, қан жаңарады. Десек те, салт-дәстүрдің кейбір жөн-жоралғысымен келгенде, құдалардың туыстан да жақын болып кететінін қыз ұзатып, келін түсіргендер жақсы білсе керек. Ал ақпарат рас па, өтірік пе? Алмасадам Сәтқалиевтің өзі бұл жайында ештеңе айтпады. Бәлкім, «Оны айтып айтып отыратын несі бар? Айтқыларың келсе, өздерің айта беріңдер, пожалуйста» деген шығар, кім біледі?».