5 Қаңтар 15:43

«НАЗАРБАЕВТЫҢ қайын атасы ешқайда кетпеу туралы ҚОЛХАТПЕН жүр»

Есполов
Фото: Фото: Коллаж NEGE

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінен тағы дау шықты. Бұл жолғы шу бюджет қаржысын жымқыруға қатысты. Бұрынырақта NEGE порталы өткен жылы тамызда осы университеттің «мызғымас» ректоры Тілектес ЕСПОЛОВТЫҢ қызметінен кеткенін жазған еді...

Кеше Алматы қаласының прокуратурасыкеше былай деп хабарлады: «Алматы қаласының прокуратурасы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін тексеру қорытындысы бойынша жалған тұқым себу және егіс алқаптарын өңдеу арқылы бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады.

Келтірілген шығын 43,8 млн теңгені құрайды, тергеуді Алматы қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізуде.

Тағы бір жағдайда университетке тиесілі 7,9 миллион теңгеге коммерциялық үй-жайларды жалға беру кезінде алаяқтық фактілері анықталды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Медеу ауданының Полиция бөліміне тапсырылды».

Бұл жайтты университеттің баспасөз қызметі де растады. «Университеттегі мемлекеттік сатып алу аясында бюджет қаржысын жымқыру 2020 жылы жасалған», – деп хабарлады оқу орны.

2020 жылы университет «Ai-Tall» ЖШС-мен 5,8 млн теңгеге амиак селитрасын сатып алу, «Кемалхан СтройЭлит» ЖШС-мен 15,8 млн теңгеге аммофос сатып алу және жеткізу, ал «КазТрайдСнаб» ЖШС-мен 22 млн теңгеге қант жүгерісін сатып алу және жеткізу жөнінде келісімшарт жасаған.

Алайда бұл келісімшарттар бойынша дән себілді және ол өңделді деген жалған акт жасалған. «ДарМирАудит» ЖШС қызметкерлері жүргізген тексеру барысында университетке 43,8 млн шығын келгенін анықтаған.

КазНАРУ
Фото: kaznaru.edu.kz

Бұдан бөлек, университет басшылығы оқу орнына тиесілі коммерциялық үй-жайларды (дүкендер, асханалар, т.б.) жеке кәсіпкерлерге жалға бергенде де пайда табу үшін заңсыз әрекеттер жасаған.

Мәселен «Дана» ЖК дүкен ашу үшін бөлмені жалға алып, ай сайынғы төлемін университеттің бұрынғы қызметкеріне қолма-қол ақша ретінде және мобильді аударымдар арқылы жіберіп отырған.

Естеріңізге салайық, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін 2001 жылдан бастап, 2022 жылдың тамызына дейін Тілектес ЕСПОЛОВ басқарды.

Есполов
Фото: Коллаж NEGE

2022 жылы тамызда «Назарбаевтың қайын атасы ректорлықтан кетті» деген мақала жариялағанбыз. Тілшіміз Т.Есполовтың кеткен-кетпегенін білмекке Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне хабарласты.

Министрліктің баспасөз қызметі университеттің министрлік құзыретіне кірмейтінін айтты. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі «жағдайды анықтап, қайыра хабарласуға» уәде берді де, ұшты-күйлі жоқ болды. Біз жазған соң көп ұзамай Назарбаевтың қайын атасы қызметінен кеткені белгілі болды...

2022 жылы қарашада университетке Ақылбек КҮРІШБАЕВ ректор болып тағайындалды. Университет басшылығы «заңсыз шығарылған активтерді қайтарамын, оның ішінде жатақханалар мен оқу аудиториялары бар» деп өткен жылдан бері айтып келеді. Заңсыз активтер университет балансына кері қайтарылуы әбден мүмкін. Оған себеп бар...

NEGE тұрақты оқырманының хабарлауынша, университеттің бұрынғы ректоры Тілектес Есполов қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр.

«Есполовтың қазіргі жағдайы мәз емес. Прокуратура анықтаған 43,8 млн теңге «айсбергтің су бетіндегі бөлігі» ғана болуы мүмкін. Тергеу әлі жүріп жатыр. Жаңа мән-жайлар ашылуы ғажап емес. Есполовтың өзі қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр», – деді оқырманымыз.

Тілшіміз мән-жайды Тілектес Есполовтың өзінен сұрап білуге тырысқан. Алайда «Назарбаевтың қайын атасымен» тілдесу мүмкін болмады...