Назарбаевтар отбасымен құдандалы болған экс-премьер түрмеден үйқамаққа ауысты
Миллиардтаған қаржыны жымқырғаны үшін сотталған Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разак түрмеден үйқамаққа ауыстырылуы мүмкін. Оның қызы марқұм Болат Назарбаевтың бұрынғы өгей ұлы Данияр Кесікбаевқа тұрмысқа шыққан.
Астана, NEGE. Наджиб Разак 2009–2018 жылдары Малайзияның премьер-министрі болды. Ол үкіметті басқарған тұста ел экономикасын дамыту және шетелден инвестиция тарту мақсатында 1MDB мемлекеттік инвестициялық қоры құрылды. Алайда кейін қордың қаржысына қатысты ірі жемқорлық дауы шықты.
Тергеу мәліметінше, қордан шамамен 4,5 млрд доллар заңсыз шығарылған. Оның бір миллиард доллардан астамы Разакпен байланысты банк шоттарына аударылған.
Премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін Разактың үстінен қылмыстық іс қозғалып, бірнеше қаржылық қылмыс бойынша сотталды. 2025 жылғы желтоқсанда сот оны тағы бір іс бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ 2,8 млрд доллар айыппұл салды.
Бұрынғы премьер-министр тағылған айыптарды мойындамайды. Ол өзін ірі қаржылық алаяқтықтың құрбаны санайды және сот үкіміне шағым түсірген.
Наджиб Разактың жазасының қалған бөлігін үйінде өтеуіне корольдің арнайы жарлығы негіз болды.
Малайзияның бұрынғы премьер-министрін Назарбаевтар отбасымен туыстық байланыс жақындастырады. 2015 жылы оның қызы Нурьяна Наджва Данияр Кесікбаевқа тұрмысқа шыққан.
Даниярдың анасы Майра Кесікбаева бұрын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевпен некеде болған.