Назарбаевқа ота жасаған хирург Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды
ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау жөніндегі конкурстың қорытындысы жарияланды.
Алматы, NEGE. ҚР ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 23 қыркүйектегі №457 бұйрығымен бекітілген сайлау ережелеріне сай Академиктердің жалпы жиналысының шешімі бойынша сегіз ғалымға академик мәртебесі берілді. Олардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаевқа ота жасаған дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Юрий Владимирович Пя да бар.
Ұлттық ғылым академиясына кардиохирургпен бірге Назарбаев Университеті Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры Жұмабай Бәкенов қосылды.
Юрий Пя «Медицина және денсаулық сақтау» саласында, ал Жұмабай Бәкенов «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар» саласында академик болып сайланды.
Естеріңізге сала кетейік, Юрий Пя 2023 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне ота жасаған болатын. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлаған.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне ота жасалды. Ота сәтті өтті. Тұңғыш Президенттің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ота Ұлттық кардиохирургия орталығында танымал кардиохирург Ю.Пянің жетекшілігімен жасалды», - деп жазған еді Айдос Үкібай.