3 Ақпан 19:46
...

Назарбаев иммунитетінен айрыла ма? Сенатор жауап берді

Фото:
Сенат және Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңның біраз нормаларын өзгертті.

Ал 27 қаңтарда депутаттар Қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА-ны мемлекет басшысы басқаратыны жөніндегі өзгерістерді қолдады. Заң президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қол қою үшін жолданды.

Бұған дейін экс-президентті мақтап келген депутаттар не себепті оған қарсы заң қабылдап жатыр? Осы және өзге де сұрақтарды Nege.kz тілшісі ҚР Парламент Сенатының депутаты әрі «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевқа қойды.

– Экс-президент өмір бойы басқаруы тиіс Қауіпсіздің қызметінің төрағалығынан Назарбаевты алып тастадыңыздар. Сондай-ақ бұдан былай Тоқаев Назарбаевпен ақылдаспай-ақ шешім шығаратын заңды өзгерттіңіздер. Экс-президент пен оның отбасы мүшелерін қылмысты жазаға тартпау туралы заңды қашан өзгертесіздер?

– Енді... Барлығы өзі, былайша айтқанда, кезең-кезеңімен,  орын-орынмен болып жатыр ғой. Барлық нәрсенің уақыты болар. Дәл бұл сұрағыңызға мынадай болады деп айта алмаспын. Себебі ол Парламенттің, одан кейін осы заң шығарумен айналысатын құзырлы мекемелердің құзырында. Қазір ойластырылып жатқан болуы керек. Содан кейін барып қана айта аламыз.

– Яғни жоғары жақтан тапсырма келемесе, өздеріңіз бастамашы бола алмайсыздар?

– Мен олай айтқан жоқпын. Қазір барлығы кезең-кезеңімен болып жатқан тірлік.  

– Депутаттардың көпшілігі кезінде экс-президентті мақтап, үлкен лауазымдарға жетті. Экс-президентті артықшылықтарынан айырып жатқан кезде неге «Бұ қалай?» демедіңіздер?

– Біріншіден, Тұңғыш президенттің біздің қоғамымыздағы, тәуелсіз мемлекет құрудағы рөлін Президент ашып және толық айтып өтті. Мысалы, мен азамат ретінде сол позицияны өзім де қолдаймын. Дәл қазір «анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» деп не деп айту керек, өздеріңіз айтыңыздаршы.

Қазіргі уақытта президенттің жасап жатқан әрекетінің барлығы орынды. Кадр мәселесі мен экономикалық және саяси реформа мәселесі бойынша нақты жұмыстар жасалады деп уақытында айтып отыр.

Сондықтан қазіргі таңда Президент тарапынан жасалып жатқан қадамдар өте орынды. Енді соны іске асыру мәселесі өте маңызды деп білемін.

– Экс-президенті мақтап, көпшілігіңіз үлкен дәрежеге жеттіңіздер ғой. Енді қиын-қыстау кезеңде Назарбаевты сатып кеттік деп есептемейсіздер ме?

– Біріншіден, сіз сөзіңізді ойланып, салмаққа салып айтуыңызды өтінемін. Сіз – бұқаралық ақпарат құралдарының өкілісіз. Сіз қай БАҚ-та жұмыс істейсіз?

– Nege.kz сайтында.

– Nege.kz сайты – белгілі сайт. Сондықтан қоятын сұрақтарыңыз бен айтатын әңгімелеріңізді ойланып айтыңыздар. Сіздер біздерді – депутаттарды бекерге айыптай бермеңіздер.

– Кезінде сіздер Елбасы туралы және Қауіпсіздік кеңесі туралы заңды өздеріңіз қабылдадыңыздар. Енді оның күшін жойып жатырсыздар...

– Енді мен кешірім сұраймын. Егер терең әңгімеге кететін болсақ, көп уақыт кетеді.

– Уақыт бар ғой...

– Менің уақытым жоқ. Дәл қазір кездесуім бар. Адамдар күтіп отыр. Сондықтан мына әңгімелеріңіз бен сұрақтарыңызға бәріне рахмет. Мен барлығына шамам келгенше жауап бердім ғой деп ойлаймын.

P.S. Сенатор Әли Бектаев бір кездері Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап «Нұр аға» деген ән жазып, онда: «Өрге тартып, биіктерге көтердің, Тілден, көзден сақтасыншы, Нұр аға!», «Ел үмітін арқалаған еңселім, Алаш үшін аман болшы, жан аға!» деп толғанған еді...

Тегтер: