Назарбаев пен Шодиевтің 2,2 млрд теңге тұратын Алматыдағы үйге қатысы бар ма?
Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасы Мирас шағынауданындағы жеке бассейні бар коттеджді сатылымға қойды. Нысанның бастапқы бағасы – 2,2 млрд теңге.
Астана, NEGE. Үй әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан. Жақын маңында Тұңғыш Президент саябағы, «Жайлау» гольф-клубы және жекеменшік білім беру мекемелері, соның ішінде халықаралық «Мирас» мектебі бар.

Мамандардың айтуынша, бұл аудан негізінен премиум санаттағы коттедждер мен аз қабатты тұрғын үйлерден тұрады. Сондықтан халық тығыздығы төмен, ал тұрғындардың жеке өміріне қолайлы жағдай жасалған.
Үйдің жалпы ауданы – 657,1 шаршы метр, жер телімі – 0,1225 гектар. Бұл телім кадастрлық нөмірі 20:313:021:344 болатын, жалпы аумағы 78,7257 гектар жер телімінің құрамына кіреді.


Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының мәліметіне сәйкес, аталған жер телімінің (жалпы аумағы 78,7257 гектар, кадастрлық нөмірі 20:313:021:344) бірнеше иесі бар. Атап айтқанда, олар – әртүрлі компаниялар. Олардың құрылтайшыларын біз eGov порталы арқылы нақтыладық:
- «Өркен-Лимитед» ЖШС – Шодиевтер отбасына (Патох, Муниса, Сабир және Нафиса Шодиевтер) тиесілі;
- «Кокмайса» АҚ (базада ЖШС деп көрсетілген, БСН-дері бірдей) – құрылтайшылары қатарында Мұқадасхан Ибрагимова, Патох Шодиев, сондай-ақ Central Asian DMCC, Еуразиялық өнеркәсіптік компания (Евразийская промышленная компания) және Еуразиялық өндірістік компания бар (Евразийская производственная компания);
- ALM Zhailjau Property I;
- «DaLaNi Group» ЖШС – Давран Ибрагимовқа тиесілі;
- «EX LIBRIS FUND» қоры – Oncrest Engineering корпорациясымен байланысты;
- «Smart Investments» ЖШС – Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі «Байтау» даму қоры арқылы бақыланады;
- «Кипрос» ЖШС –Тимур Құлыбаевқа тиесілі;
- сондай-ақ Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы.
Коттедждің нақты кімге тиесілі болғаны ашық көрсетілмеген. Белгілісі – бұл нысанға бұрын бұғат қойылған, кейін коммуналдық меншікке өткен. Осы жағдайға байланысты толық мәлімет алу үшін біз Алматы әкімдігіне сұрау жолдадық. Әкімдік тарапынан үйдің бұрынғы иесі кім болғаны, оның мемлекет меншігіне қалай өткені және сатылымнан түскен қаржының қалай жұмсалатыны жөнінде ақпарат күтеміз.