20 Наурыз 13:08
...

«Назарбаев емеспін» – Мақсат Толықбай інісі жүргізген даулы бағдарламаға қатысты пікір білдірді

Мақсат Толықбай
Фото: NEGE

Осыдан біраз күн бұрын үлкен дау туындатқан Хабар арнасындағы «Бірақ» бағдарламасы қоғамның сынынан кейін жабылған болатын. 

Көпшілік бағдарлама жүргізушісі Самат Толықбайға да қатысты сыни пікірлер білдіріп жатты. Оның Қарасай аудандық мәслихатының депутаты екені айтылды. Сонымен қатар Самат Толықбайдың ағасы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай екені белгілі болды. 

NEGE тілшісі бұл жағдайға қатысты Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың пікірін білді. 

«Ол бірдеңе бүлдіріп қоятындай мектеп оқушысы емес – үш баланың әкесі. Өзінің іс әрекетіне өзі жауап береді. Бұрынғы журналист ретіндегі пікірімді білгіңіз келсе, әрине, қарсымын. Тақырып таңдаудан бастап барлығы дұрыс болған жоқ. Жүргізуші дайын сценарийді оқи салды деп айтуға да болмайды. Тәжірибесі аз шығар, бұл жерде редакторлардың да кінәсі бар. Мен министрліктің бағдарламаны жапқан позициясын қолдаймын. «Бірақ...» бағдарламасы болсын, «Қалаулым», «Қосылайық» сияқты бағдарламаларды мүлдем жабу керек. Осы үшін күресіп келе жатырмыз. Қазір заң нормаларына өзгеріс енгізе алсақ, біз үшін үлкен жеңіс болады», - деді депутат.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты інісінің бағдарлама жүргізуіне өзінің ықпалы болмағанын мәлімдеді. 

«Ол мәслихат депутаты. Біздің партияның атынан түскен жоқ, сол жердегі жергілікті тұрғындар өздері ұсынды. Ал мына жақтағы бағдарламаға кім шақырғанын білмеймін. Мен қазір біреуді бір қызметке қоя алатындай, туған-туыстарымды жұмысқа алатындай бұрынғы Назарбаев сияқты емеспін. Менің ондай құзыретім жоқ. Бар болса да қолданбас едім. Сондықтан әркім өз тірлігі үшін өзі жауап береді», - деді Мақсат Толықбай. 

Естеріңізде болса, 11 наурызда «Хабар» телеарнасының «Бірақ...» ток-шоуында күйеуінен ұзақ уақыт таяқ жеп келген әйелдің мәселесі талқыланған болатын. Студияға бағдарлама кейіпкері болған әйелдің күйеуі қолына гүл алып кіріп келеді. Әйел студияға күйеуінің келетінін білмеген. Жүргізушілер оған гүлді алуын, бағдарлама қонақтары кешірімді болуын үгіттейді. Бағдарлама барысында әйелдің қатты күйзелгені анық байқалады. Мұны көрген көрермендер бағдарламаны сынға алып, арты үлкен дауға ұласты.