14 Қазан 09:04

Наурызбай қажы халиф болғысы келе ме?

Фото:

19 мамырда порталымызда «ҚМДБ имамдардың руы мен жүзін анықтап жатыр», 10 қыркүйекте «Діни басқармадағы дау: Бас мүфти араб тілін білмей ме?» деген сын материалдар жарияланған. 11 қазан күні редакцияға ҚМДБ заңгерінен біртүрлі хат келді.

«Соңғы кездері nege.kz сайтында Динара Мыңжасарқызының «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігінің (бұдан әрі – ҚМДБ) қызметі және оның қызметкерлері туралы шындыққа жанаспайтын деректер мен жорамалдар келтірілген мақалалары жарияланды.

Аталған автордың мақалалары еліміздің дін саласындағы жетекші діни бірлестік – ҚМДБ беделі мен аты-жөндері, лауазымдары көрсетілген ҚМДБ қызметкерлерінің абыройына нұқсан келтірілді...» деп басталған үшбу хатта одан әрі Азаматтық кодекстің 143-бабының 2-тармағына сілтеме жасалған (Ар-намысты, қадыр-қасиетті және іскерлік беделді қорғау).

Бізді таңдандырған бұл емес. Қалай түсінерімізді білмей отырған абзац мынау: «...Алдағы уақытта сіздің сайтқа жолданған мақалалардың мазмұны туралы бізге хабарлауыңызды (!) сұраймыз. Бұл конституциялық құқықтарымызды қорғау үшін маңызды.

Алдағы уақытта осындай мазмұндағы мақалаларды жариялау жалғасқан жағдайда біз сіздің сайтыңыз бен осы мақалалардың авторына қатысты қолданыстағы заңнамалық талаптарға сәйкес тиісті құқықтық шара қолдану мақсатында іс жүргізетінімізді (!) хабарлаймыз».

Біріншіден, қанша жерден құрметтеп-қастерлесек те, «сайтқа жолданған мақалалардың мазмұны туралы» ҚМДБ-ға хабарлай алмаймыз. Өйткені Nege.kz – ҚМДБ-ның үнжарғысы емес, ақпараттық-сараптамалық тәуелсіз портал. Бұдан бөлек, редакцияға жолданған материалдар туралы ҚМДБ-ға есеп беруге бізді ешқандай заң міндеттей алмайды.

Ал енді ҚМДБ-ға қатысты материал жариялайтын болсақ, діни басқармадан пікір сұрау немесе уәжін жариялау – кәсіби міндетіміз және солай етіп те жүрміз.

Мәселен «имамдардың руы мен жүзіне» қатысты мақалада ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының пікірі тұр.

Бас мүфтитің арабшасына қатысты мақалада қарсы тараппен бірге Наурызбай қажы Тағанұлының да пікірін қоса жарияладық. Бейтараптық деген – осы!

ҚМДБ. Фото: muslim.kz

Екіншіден, «құқықтық шара қолдану мақсатында іс жүргізетіндей» ҚМДБ тергеу органы емес. Бұған қатысты да біраз сөз айтып тастауға болар еді, заңгер ойын дұрыс жеткізе алмаған болар деп, індетпей қоя салдық.

Бір қызығы, дәл осындай мәтіндегі хат бізге ғана емес, ҚМДБ-ны сынаған басқа да сайттарға жолданыпты. ҚМДБ олардан да алдағы уақытта редакцияға келетін материалдардың мазмұнын талап еткен. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?

Сайт редакцияларына талап жолдар кезде заңгер З.Сагандыкова Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының келісімін алғаны анық. Бас мүфтиге «материалдардың мазмұнымен танысу» туралы талап қатты ұнап, бір сәтке өзін халиф сезінген болар, бәлкім? Жетекші сайттардың бас редакторлары дәргейіне келіп: «Әміріңізге құлдық! Мазмұнымен таныстыруға материал әкелдім!», – деп алдында тізерлей кетсе...

Әйгілі фильмдегі Қожаның әжесінің тілімен айтсақ, Наурызбай қажы Тағанұлы ағай – Құдай да, Мұхаммед пайғамбар да емес, ол – Бас мүфти. Бас мүфтиді сынауға болмайды деген заң жоқ. Дін саласында жіберген кемшіліктері болса, сынауға тиіспіз!

Мүфти – парсы тілінен аударғанда «пәтуа, шешім шығарушы» деген мағынаны білдіреді екен. Діни мемлекеттерде мүфти ел басқару ісіне, саясатқа белгілі бір дәрежеде араласуы мүмкін, ал Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бізде дін мен саясат бөлек. Конституцияның 1-бабы солай дейді. Ал 20-бабында сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілетіні, цензураға тыйым салынатыны айтылған.

Осының бәрін ескере келе, Nege.kz порталының ұжымы ақпараттық-сараптамалық һәм қоғамдық-саяси сайттардың редакциясына келетін материалдардың мазмұнымен танысу туралы ҚМДБ-ның «пәтуасын» орынсыз деп санайды.  

Тегтер: