8 Қараша 16:51
...

Наурызбай ауданы: Жыл соңына дейін 3 мектеп ашылады

Фото:

Соңғы уақытта президент барлық әкімдерге халыққа ашық болуды міндеттеген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген халықпен кездесудің жаңа форматына сәйкес, Ерболат Досаев жыл соңына дейін халықпен 24 кездесу өткізеді. Яғни, әкімдік 8 ауданның әрқайсысының тұрғындарымен тоқсанына бір рет жүздесу ұйымдастырады.

Шаһар аудандарындағы тұрғындармен кездесуді дәстүрге айналдырған қала әкімі таяуда ғана Наурызбай ауданының жұртшылығымен жүздесіп, шешімін таппай отырған бірқатар мәселе жайында кеңірек жауап берді. Алдымен ол ауданның дамуы және тұрғындардан түскен ұсыныстарға, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Айта кету керек, бұл ауданда ауыз су мәселесі әлі өзекті. Бұл түйткілді шешу үшін бүгінде 2 су қоймасының 104,2 шақырым инженерлік желі құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұнымен қоса сорғы станциялары бар қосымша магистральдық су құбырын жобалау жұмысы басталды. Ал Қарғалы су қоймасы бойынша жұмыстар 92 пайызға аяқталғанмен, келесі жылдың маусым айында ғана жоспарланып отыр. Сол сияқты Ақсай станциясының жобасы бойынша жер жұмысы басталып, 2025 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілмек.            

                                                                                        

Тағы бір қуанышты жаңалық, Наурызбай ауданын тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін 79 трансформаторлы қосалқы станция жөнделіп, 3,8 шақырым электр желілері қайта жаңартылды. Сондай-ақ, ауданда 48 көшеде сыртқы жарықтандыру жүргізілсе, 2023 жылы тағы 59 көшеде жарықтандыру мәселесін шешу көзделген. Ауданда жол инфрақұрылымы мен қоғамдық көлікті дамыту мәселесі бойынша ұзындығы 23 шақырым болатын 30 көшенің орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылдың қараша айының соңына дейін ұзындығы 7 шақырым 8 көше жөнделеді. Сондай-ақ, жыл басынан бері Ақжар шағын ауданында ұзындығы 6,7 шақырым болатын 19 жаңа көшеге асфальт төселді.

Мектепте орын жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін 2022 жылдың 1 қыркүйегіне қарай Қалқаман шағын ауданында 1800 орындық 2 мектеп және Қарғалы  шағын ауданында 600 орындық жеке  мектеп ашылғаны белгілі. Ал жыл соңына дейін  Қалқаман  шағын ауданында 1500 орындық тағы 2 мектеп  және «Алма Сити-5» ТК аумағында 1200 орынға арналған мектеп пайдалануға беріледі. Сол сияқты мектепке дейінгі мекемедегі орын тапшылығын қысқарту мақсатында жыл басынан бері 700 орындық 12 жекеменшік балабақша ашылды.  «Шұғыла»  шағын ауданында 320 орындық жаңа балабақша 2023 жылдың шілдесінде аяқталады. Сонымен қатар, Құрамыс  шағын ауданында 320 орындық, «Шұғыла» шағын ауданында 320 орындық және Қалқаман шағын ауданында 240 орындық 3 балабақшаның ЖСҚ жұмысы әзірленді.

Денсаулық сақтау нысандарына келсек, медициналық қызмет көрсетудің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 500 адамды қабылдайтын 2 жаңа емхана және 1 отбасылық-дәрігерлік амбулатория (200 адам) салынбақ. Мұның құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылға жоспарланған.

Аудан тұрғындарын мазалап жүрген мәселе – жауын-шашыннан кейінгі су басып қалу. Төтенше жағдай желісі бойынша 6 учаскені жою жұмыстары жүргізіліп, 4 учаске бойынша жұмыстар аяқталды. Ойжайлау өзенінің ұзындығы 1,1 шақырым арнасы нығайтылып, Төлебеков, Талжанов, Жадыр (800 м) 3 көшесі бойынша арық желілері салынды.

Осы жылдың қараша айының соңына дейін Райымбек даңғылы бойынша «Нұрлы Дала» ТК-де ұзындығы 1,4 шақырым Ақсай өзенінің арнасына дейін және Сабденов көшесіндегі арық желісін абаттандыру аяқталады.

Ауданға қатысты түйткілдерді тыңдаған қала әкімі Ерболат Досаев «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының іске асырылуы жөнінде баяндады. Биыл ауданда 47 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Ақжар шағын ауданында  (3 га) және Қалқаман  шағын ауданында (2,5 га), Қонаев көшесі бойындағы ұзындығы 1,2 шақырым жаяу жүргіншілер аймағы,  Мейрам шағын ауданында жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылды. Қоғамдық кеңістіктердің 21 учаскесі (скверлер, балалар алаңдары, аулалар) және жол инфрақұрылымы бойынша 26 жоба да  абаттандырылды. Бұдан кейін тұрғындар жолдарды жөндеу, кәріз және электр желілерін абаттандыру және т.б. мәселелер жөнінде көкейдегі сауалына жауап алды. 

Тегтер: