USD
USD
USD

«Наурыз» ипотекалық бағдарламасына қатысушылардың тізімі жарияланды

Бүгін, 6 сәуір күні «Наурыз 2026» тұрғын үй бағдарламасына қатысушы 16 мың салымшының тізімі жарияланды. Бағдарламаға жалпы 26 822 өтініш қабылданған.

Баспана
Фото: freepik.com

Астана, NEGE. Тізімге енген қатысушылар 6 сәуір мен 12 мамыр аралығында (қоса алғанда) Отбасы банкте несиеге өтінім беруі қажет. Егер олардың несиесі мақұлданса, 6 ай ішінде баспана тауып, сатып алу мүмкіндігі беріледі.

Банк мәліметінше, бағдарламаға қатысушылардың орташа жасы – 32 жас болса, 9 296-сы балалы-шағалы, ал 7 569-ы некеде. Тізімге енгендердің жартысынан көбі, яғни 8 690 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың ішінде 2 689 азамат халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады.

«Олар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып, алдын ала қаражат жинай бастаған. Қазіргі таңда олардың шоттарында кемінде 2 млн теңге жинақталған. "Наурыз" бағдарламасы арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жылдық 7% мөлшерлемемен несие алып, өз баспанасын сатып ала алады», – делінген банк хабарламасында.

Биыл бағдарлама қатысушыларының орташа жинақ сомасы 4,3 млн теңге болды. Тұрақты түрде ақша жинаған салымшылардың «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар тізіміне ену мүмкіндігі жоғары болған.

Осы ретте банк өкілдері балл қалай есептелетінін түсіндіріп өтті:

  • депозит бойынша сыйақы мөлшері – әр 1 000 теңгеге 1 балл;
  • тіркелген некенің болуы – 5 балл;
  • баланың болуы – 10 балл (балалар санына қарамастан);
  • халықтың әлеуметтік осал топтарына (ӘОТ) жату – 10 балл;
  • жасы 35-ке дейін (қоса алғанда) – 5 балл.

Мысалы, 1 000 балл жинау үшін Отбасы банктегі депозит бойынша 1 млн теңге көлемінде сыйақы жинау қажет. Сол сияқты, 500 мың теңге сыйақы үшін – 500 балл, ал 200 мың теңге сыйақы үшін – 200 балл беріледі

«Наурыз» бағдарламасының шарттары:

  • бастапқы жарна – 20%-дан бастап;
  • несие мөлшерлемесі:
  • 7% (ЖТСМ 7,3%–8,9%) – әлеуметтік осал топтар мен кезекте тұрғандар үшін;
  • 9% (ЖТСМ 9,3%–11,8%) – барлық басқа азаматтар үшін;
  • несие мерзімі – 19 жылға дейін.

Тұрғын үй сатып алу шарттары:

  • бастапқы нарықтағы тұрғын үй (соның ішінде үлестік қатысу, ҚТҮК кепілдігімен және сақтандырумен);
  • екінші нарықтағы тұрғын үй – тек моноқалалар мен ауылдық жерлерде (жылдық бөлінген қаражаттың 30%-ынан аспайды).

Несие сомасының ең жоғары мөлшері:

  • Алматы мен Астанада – 36 млн теңгеге дейін;
  • басқа өңірлерде – 30 млн теңгеге дейін.

Пәтерді Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында таңдап, брондап және сатып алуға болады.

Қазір оқып жатыр

Хоккейшілерден ақша жинаған: «Құлагер» клубының бұрынғы басшысына үкім шықты

Сергей Филь

Астанада күзге дейін бірнеше көшеде қозғалыс шектеледі

Астана

МӘМС қаржысын жымқыру бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған

Тоқаев, Элиманов

Новороссийск портына шабуыл жасалды: Қазақстан мұнай экспортына зиян келді ме?

Мұнай тасымалы