«Нацистік Украина» туралы миф
дің арнайы күштері 2014 жылы Қырымды бөліп алып, Украинаға алғаш кіргеннен бері ресейлік үгіт-насихат Украинаны нацистік, фашистік мемлекет ретінде сипаттап келеді. Өкінішке қарай, көптеген адамдар, соның ішінде қазақстандықтар да осы уағыздың бұғауына ілікті. «Нацистік Украина» туралы орныққан мифті сараптап көрейік.
«Денацификация» деген біртүрлі термин
1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері Еуропада басталған ең қанды әрі ауқымды соғысты ақтап алу үшін Владимир Путин оған «Украинаны денацификациялау» деген айдар тақты.
Арнайы әскери операция туралы жасаған хабарламасында ол «Украинадағы билікті неонацистер басып алғанын» мәлімдеп, бір күннен кейін, 25 ақпанда Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында бұны қайта қайталай отырып, Украина билігін «нашақорлар мен неонацистердің тобыры» деп атады.
Ресей Қорғаныс министрлігі бұл парадигманы ықыласпен қабылдап, оның бұдан кейінгі мәлімдемелерінде Украина Қарулы Күштерінің сарбаздары жау басып алған туған жерін қорғаушылар емес, «жазалаушылар», «нацистер» немесе «содырлар» деген атқа ие болды. Ресей Қорғаныс министрлігінің алғашқы алты айдағы ресми ақпарларында украиндықтар дәл осылай аталып келді. Тек ұрыс алаңдарындағы бірқатар жеңілістерден кейін ғана «нацистер» және «содырлар» деген терминдер орнына «Украина қарулы күштерінің әскери қызметшілері» және «жау әскерлері» терминдері кенеттен пайда болды.
Украина мемлекетінің нацистік сипаты туралы дәл осындай уәжді Ресей телеарналарындағы үгітшілер көптен бері дұғадай қайталап келеді. Соның салдарынан, «Левада орталығы» секілді беделді ұйымның соңғы социологиялық сауалнамасына сенсек, ресейліктердің 75 пайызы Украинамен арадағы соғысты қолдайды.
Бұл ретте атап өтетін маңызды жайт, жаңалықтардың негізгі көзі ретінде телеарналарға сенетіндердің 86%-ы Ресей қарулы күштерінің Украинадағы іс-қимылдарын ең жоғарғы деңгейде қолдайды. Мысалы, теледидардан телеграм арналарына ден қоятын болсаңыз, әскери кеудемсоқтық деңгейі күрт төмендейді.
«Азов». Зеленский. Холокост
Әрине, Украинада нацистердің бас көтергені туралы тезис не үшін қолданылғаны баршаға түсінікті. Өткен ұрпақтың батырлығына, нацизм мен фашизмге қарсы күреске сілтеме жасау фашистік Германияға қарсы күресте орасан құрбандыққа ұшыраған ресейліктердің жүрегін тебірентіп, ауқымды толқыныс тудырады. Бабаларымыз Берлинге жетіп, жеңіс орнатты, ал енді міне, фашистік зұлмат Ресейдің қанатының астында, тіпті «тарихи орыс жерлерінде» қайтадан бас көтеріп отыр-мыс деген сылтау айтылады.
(Орайы келгенде айта кетейік, Кремль тарихи орыс аймақтарына Солтүстік Қазақстанды да жатқызады, және бұл наным әлдебір ресейлік шенеуніктің немесе депутаттың аузынан әредік шығып қалады. Қазақстан жасанды түрде құрылған мемлекет, ал қазақтардың өз мемлекеттілігі бұрын ешқашан болмаған деген Путиннің сөзін де ұмытпаған жөн).
Осыған сүйене отырып, ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдары Украинадағы әсіре оңшыл ұйымдардың ықпалы мен маңызын ұдайы асыра бағалайды. Бірақ іс жүзінде жағдай бұдан мүлдем басқаша.
Әлем елдерінің басым көпшілігіндегі сияқты Украинада да, тіпті Ресейдің өзінде де әсіре оңшыл көзқарастағы адамдардың бар екеніне дау жоқ. Дегенмен, осындай ұйымдардың аздығына және кремльшіл медиа тарапынан бадырайтып көрсетуге тырысатындай, қоғам мен үкімет тарапынан айтарлықтай қолдауға ие емес екеніне нақты дәлелдер куә.
Оған украин халқының таңдауы, ұлтшыл партиялардың жылдан-жылға 0%-дан 3%-ға дейін ғана дауысқа ие болатын көптеген сайлаулардың нәтижелері дәлел бола алады.
Ресейлік үгіт-насихат біресе қазір толығымен таратылған әрі шағын құрамды «Правый сектор», біресе бастапқы құрылған кезеңінде кейбір жауынгерлері оңшыл көзқарасты қолдаған «Азов» полкін қорқыныш құралы ретінде пайдаланды. Ал қазіргі «Азовта» тек кәсіби қасиеттері бойынша іріктеп алынған, орыстан бастап, еврейге дейінгі түрлі ұлттың жауынгерлері қызмет етеді.
«Азов — бірнеше ондаған украиндық полктар арасынан осындай беделге ие болған жалғыз полк. Оның жауынгерлерінің басым көпшілігі 2022 жылдың көктемінде Украинаның Мариуполь қаласы үшін ұрыста қаза тапты.
Ал Украинаның жоғарғы билігінде нацизмді жақтаушылар тіптен жоқ.
Бұл жерде Ресейдің өзін мысалға келтіруге болады. Онда фашизм жанкүйері, кезінде көше шерулерінде әлгілердің қол көтеру ишарасын жасап келген адам үйірімпаз тұлғаға айналып, алдымен вице-премьер, Ресейдің НАТО-дағы өкілі, содан кейін «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының басшысы болса, қазір оған Ресей басып алған Украинаның оңтүстігіндегі аумақтардың кураторы лауазымы дайындалып жатыр делінеді. Бұл – Дмитрий Рогозин.
Жоғарыда айтылғандардың дәлелі ретінде біз Кремльдің осы жоғары лауазымды тұлғасының аласапыран белсенділікке толы жастық шағы туралы көптеген бейнематериалдардың тек біреуін ғана келтірейік. «Нацизмді» жоюшылар кейпі дәл осындай.
Ал Украинаға келсек, әсіре оңшыл пиғылдағы ұлтшыл партия ел парламентіне бір-ақ рет, 2012 жылы өткен. Ол кезде Верховная Раданың сайлауында «Свобода» партиясы 10,44% дауыс жинады.
Бір қызығы, бұл оқиға нағыз ресейшіл президент Виктор Януковичтің тұсында, Украина мен Ресейдің қарым-қатынасы тым тығыз кезінде болғанын айта кету керек.
Сол кезде сарапшылардың көпшілігі дауыс берудің мұндай нәтижесінен украиндықтардың көпшілігінің елдегі саяси алаңда толық монополия орнатып алған Кремльді жақтаушы «Партия регионов» үшін қиянат жасап қалуды көздеген наразылық ниетін байқаған болатын. Және бұл ретте Украина парламентінен орын алған «Свобода» ұлтшылдары бірден оппозицияға ауысты, ешқандай лауазым мен басшылық қызметтерге ие бола алмады және парламентте нағыз маргиналдарға айналды.
Бұдан кейін, Евромайданның жеңісінен, Қырымды бөліп алудан және Донбасста соғыс басталғаннан кейін украин қоғамында ұлтшылдық пиғыл айтарлықтай артуға тиіс болатын, бірақ іс жүзінде оқиға керісінше өрбіді. 2014 жылғы сайлауда парламенттік сайлауға түскен радикалды партиялардың барлығы бірлесіп небәрі 6,4% дауыс жинады, олардың ешқайсысы Верховная Радаға өте алмады. Тіпті бұған дейінгі сайлауларда алда болған «Свобода» 5%-дан төмен дауыс жинаған.
Бес жылдан кейін, 2019 жылы Украинадағы оңшыл партиялардың жағдайы бұдан да мүшкілдене түсті, олардың барлығы бірлесіп 2% дауыс жинап, парламенттен тағы да тыс қалды.
Сонымен қатар, сол 2019 жылы Украинада президенттік сайлау да өтіп, онда Владимир Зеленский басымдықпен жеңіске жетті. Украиндық ұлтшылдық пиғылдағы партиялар мен ұйымдардың барлығы онда ішкі қайшылықтарды еңсере алып, ұзақ келіссөздерден кейін оңшыл күштердің біртұтас үміткері ретінде Украина президенттігіне львовтық депутат Руслан Кошулинскийді ұсынды. Бірақ ол бар-жоғы 1,63% дауыс жинады.
Бұл – жалаң сандар. Енді абстракт туралы сөз қозғалық. Мысалы, нацизмнің ерекше белгілерінің бірі – еврейлерге қатысты хайуаннан өткен өшпенділік көзқарас. Бұл жерде өзінің еврей екенін жасырмайтын адам нацистік мемлекетте билікке қалай келеді деген заңды сұрақ туындайды. Оның үстіне еврей Зеленский 74% дауыспен жүз пайыз украин текті Петр Порошенконы жеңді.
Осы орайда айта кетейік, Владимир Зеленскийдің отбасы нацистік террордан тікелей зардап шекті, оның атасының туған үш бауыры мен олардың отбасы Холокост кезінде қаза тапты, ал оның еврей атасы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанша от кешіп, Освенцимді азат етуге атсалысты.
Нацизмге салынған тыйым
Маңызды факт: 2015 жылдан бері Украинадағы нацистік идеологияға «Коммунистік және ұлттық-социалистік тоталитарлық режимдерді айыптау және олардың рәміздерін насихаттауға тыйым салу туралы» заңмен тікелей тыйым салынған.
Ресейде бұл заң туралы жиі айтылады, бірақ біржақты пікір үстем. Федералдық арналар орақ пен балға бейнелеген қызыл жалау ұстағаны үшін украиндықтардың ұсталып, полицияға жеткізілгені туралы әсірелей жеткізгенімен, дәл осылайша ұсталған фашизм жанкүйерлері туралы ешқашан жақ ашпайды, ал мұндай мысалдар өте көп.
Соңғы дерек ретінде 2021 жылғы резонанс тудырған іс, Украина полициясының СС «Галичина» дивизиясының (Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде негізінен Украинаның батыс бөлігінің тұрғындарынан құралған коллаборанттық әскери бірлестік) мерейтойына арналған шеру кезінде нацистік рәміздерді қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау оқиғасын атауға болады.
«Ми айналдыру» деп атауға болатын айқын дерек ретінде, ресейлік телеөнім тұтынушыларына қоғам тарапынан ешқандай қолдау таппайтын тобырдың Украина көшелерінде ұйымдастырған алау ұстаған шерулері көрсетіледі, бірақ қоғам тарапынан мұндай шерулердің айыпталатыны және олардың ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қатысты қылмыстық іс қозғалатыны туралы ешқашан көрсетілмейді.
Бұл ретте Владимир Путин еуропалық басты нацист ретінде сипаттауға тырысып жатқан дәл сол Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзі шеруді үзілді-кесілді айыптады.
«Біз тоталитарлық режимдердің, атап айтқанда, ұлттық-социалистік режимнің кез-келген насихатын және Екінші дүниежүзілік соғыс туралы шындықты қайта қарау әрекеттерін үзілді-кесілді айыптаймыз», - делінген Президент кеңсесінің мәлімдемесінде.
Владимир Путин бұл дәйексөзге оңай қосыла алады, өйткені мұндайды оның өзі талай рет айтып: «Біз соғыс тарихын қайта жазуға жол бермейміз», – деген болатын.
Украина парламенті де, Сыртқы істер министрлігі де СС «Галичина» құрметіне ұйымдастырылған шеруді айыптады. Яғни, Украинадағы билік тармақтарының барлығы мемлекеттің ресми түрдегі мүлдем қолдамаушылық ұстанымын паш еткен.
Бірақ бұл шындық Ресейде айтылмайды.
Дүниежүзілік қолдау
Қорытындылай келе, Ресейдің одақтастары Беларусь пен Сирия сияқты бірнеше елді, сондай-ақ қандай елде болмасын, ресейлік телеөнім тұтынушыларын қоспағанда, әлем елдері мен адамдар жаппай «нацистік Украина» туралы уәжді ойдан шығарылған деп санайтынын атап өткен жөн.
Әлемнің кез-келген түкпірінде неонацизм өскіні пайда болу мүмкіндігін асқан мұқияттылықпен қадағалайтын және ондайды аса ауыр қабылдайтын халықаралық ұйымдардың барлығы Украинаны жақтады. Атап айтқанда, Освенцимдегі әлемдегі ең ірі Холокост құрбандарының мемориалдық мұражайының әкімшілігі Зеленскийді неонацизммен байланыстыра айыптауға қарсы қатаң наразылық білдірді.
Вашингтондағы Холокост мемориалдық мұражайы Украинаның еврейлерінің Екінші дүниежүзілік соғыста барынша зардап шеккенін, нацистік Германия оларды толығымен дерлік жойып жібергенін атап өтіп, Кремльдің айыптауларын «негізсіз және өрескел» деп атай отырып, украин халқына қолдау білдірді.
Сонымен қатар, Орталық Еуропа және Холокост тарихы бойынша бірқатар жетекші мамандар Путиннің «денацификация» туралы аргументін Геббельстің «Үлкен өтірігінің» бір нұсқасы деп атайды. Нацистік үгіт-насихаттың бұл әдісіне сәйкес, саяси көшбасшының сан мәрте қайталаған ұлығаусар өтірігіне адамдар ақыр аяғында сене бастайды.
Украинаның нацизмді мемлекеттік деңгейде қолдайтын ел емес екендігі Екінші дүниежүзілік соғыс, нацизм, геноцид және Холокост тарихына маманданған әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ең беделді 150 ғалымның мәлімдемесінде де айтылған. Соғыс басталғаннан кейін бірден, 2022 жылдың наурыз айында жарияланған олардың бірлескен мәлімдемесінің мәтіні бар.
«Ресей Федерациясының қарулы күштері 2022 жылдың 24 ақпанынан бері Украинаға қарсы негізсіз әскери агрессия жүргізіп келеді. Бұл шабуыл – Ресейдің 2014 жылы Қырымды бөліп алуының және Донбастағы қарулы қақтығысқа белсене араласуының жалғасы.
Президент Путин Украина үкіметін Донбасс өңірінде адамзатқа қарсы қылмыс пен геноцид жасады деп айыптағаннан кейін Ресейдің шабуылы басталды. (Бұл кең таралып кеткен әңгімені егжей-тегжейлі жоққа шығаруды біздің алдыңғы мақаламыздан оқыңыздар – ред.) Насихат Украина басшыларын жергілікті орыс тұрғындарды басып-жаншып жатқан нацистер мен фашистер ретінде ұдайы бейнелеп, оларды «азат ету» қажеттігін алға тартады.
Біз, осы хатқа қол қойғандар, фашизм мен нацизмді зерттеуге және олардың құрбандарын мәңгілікке есте қалдыруға бүкіл кәсіби қызметімізді арнадық. Көпшілігіміз осы зұлым режимдердің мұрагерлерімен және олардың қылмыстарын жоққа шығаруға немесе жасыруға тырысатындарға қарсы белсенді күрестің қатысушыларымыз.
Осыған байланысты, біз ресейлік биліктің «геноцид» терминін асқан арсыздықпен қолдануын, Екінші дүниежүзілік соғыс пен Холокостқа қатысты естеліктерді теріс пайдалануын және Ресейдің негізсіз агрессиясын ақтау үшін Украина мемлекетін нацистік режиммен теңестіру әрекетін үзілді-кесілді жоққа шығарамыз. Мұндай уәж ешбір дерекпен расталмайды, ол моральдық тұрғыдан жиіркенішті және нацизмнің миллиондаған құрбандары мен оған қарсы ерлікпен күрескендердің, соның ішінде Қызыл Армияның орыс және украин жауынгерлерінің рухын, оларға қатысты жадымыздағы естеліктерді қорлайды.
Біз Украина мемлекеті мен қоғамын мінсіз және кінәратсыз деуден аулақпыз. Кез-келген басқа елдегі сияқты, онда да зорлық-зомбылық пен ксенофобияны жақтайтын әсіре оңшыл элементтер мен топтар бар. Сондай-ақ Украина өзінің тарихындағы қара дақтар мен күңгірт тұстарына ашықтық көзқарасы тұрғысынан қарауы қажет. Бірақ бұлардың ешқайсысы Ресейдің агрессиясын және Украинаның не екенін жалған түсіндіру мен бұрмалауды ақтамайды».
«Киевте Мәскеу түбегейлі жоя алатын ешқандай да нацистік үкіметтің жоқтығы ақиқат. Украинада орыс тұрғындарға қатысты геноцидінің болмағаны да. Және ресейлік әскерлер азат ету миссиясын орындап жатпағаны да. Қанға толы ХХ ғасырдан кейін бәріміз соғыс - бейбітшілік емес, құлдық - бостандық емес, ал надандық оны тек жеке мақсатына пайдаланғысы келетін, ұлықтық маниясына душар болған қаныпезер маньяктарға ғана қуат беретінін түсінуге жеткілікті сұңғылалық қалыптастыруымыз қажет еді», – делінген мәлімдеме.
Және бұл жүздеген миллион адамға, оның ішінде посткеңестік республикалардағы ондаған мың азаматтарына жеткізуді қажет ететін украин халқын қыру туралы ақиқат болмақ.
Жоба туралы
Ресейдің Украинада кең ауқымды соғыс бастағанына бір жылдан астам уақыт болды. Бірақ украин тақырыбына қатысты жалған насихаттық ақпаратты Ресей бұдан әлдеқайда ертерек тарата бастаған. Интернетте «Горловка Мадоннасы» («горловская Мадонна»), Украинадағы биологиялық зертханалар, Ресейді айнала қоршаған «НАТО әскерлері» және басқа да осындай көптеген жалған ақпараттар мен қолдан жасалған бейнематериалдар бірнеше жылдан бері таралуда.
Өкініштісі, қазақстандықтар арасында осыған сенетіндер аз емес және арнайы операцияны Ресей бірінші бастамағанда, Украина шабуылға кірісетін еді деп кәмілсіз иланады. Өкінішке қарай, мұндай қазақстандықтар мыңдап саналады. Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясын» әлі күнге ресейлік нарратив негізінде қабылдайтындарға, Киевті нацистер жаулап алды, Ресей армиясы тек әскери нысандарға ғана шабуыл жасайды деп санайтын отандастарымыз және осы тақырыпта жазатын журналистер мен редакциялар үшін біз фейктерді әшкерелейтін жеті мақала дайындадық.
Бұл мақала АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссияның қолдауымен шағын БАҚ гранттар бағдарламасы аясында жарияланды. Оның мазмұнына авторлар жауапты. Материалдар АҚШ үкіметінің немесе Қазақстан Республикасындағы АҚШ миссиясының көзқарасын білдірмейді.
Бұл «Украинадағы соғыс: фейктерді әшкерелеу» атты топтаманың төртінші мақаласы.
1. «Донбасс 8 жыл бойы бомбаланды». Ол жерде соғысты нақты кім және не үшін бастады»
2. «Буча туралы фейктер». Бұл қалада ақиқатында не болды?»
3. «Ресей шабуылдың алдын алу үшін УКРАИНАҒА соққы жасады» деген миф қалай жоққа шықты?»
Жобаға қатысқан журналистер тобы: Назира Дәрімбет, Оксана Макушина, Владимир Радионов, Александр Закладный.