27 Қаңтар 12:03
...

«Нәтиже болмаса, қоштамасыз»: Бектенов Kazakh Tourism-нің жаңа басшысына ескерту жасады

Үкіметтің баспасөз қызметі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметіне жаңа кіріскен Талғат Ғазизовке ескерту жасады.

Астана, NEGE. Талғат Ғазизов Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті. Айтуынша, өткен жылы 12 елден келген 115 журналист, блогер және туроператордың қатысуымен 16 инфотур ұйымдастырылған.

Соған сәйкес, 2026 жылы Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс сияқты әлемдік жұлдыздардың қатысуымен ірі концерттік іс-шаралар өткізу жоспарланған, фестиваль туризмін жобалау және ілгерілету бойынша арнайы штаб құрылған, Азия мен Таяу Шығыстағы мақсатты қалаларда, сондай-ақ Мумбай, Дубай, Шанхай, Сеул, Токио және Сингапурда 10 роуд-шоу өткізуді жоспарланған.

«Талғат Жанатұлы, сіз осы қызметке жаңадан келіп отырсыз. Бірақ, оған қарамастан, өзіңізден нақты нәтиже күтеміз. Нәтиже болса, ары қарай жұмыс істей бересіз. Нәтиже болмаса, қоштамасыз. Келістік пе?», – деп ескертті Үкімет басшысы «Kazakh Tourism»ҰК» АҚ басқарма төрағасына.

Ғазизов келісетінін айтты.

Айта кетейік, Талғат Ғазизов «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметіне 16 қаңтарда тағайындалды.

Оған дейін 2023 жылдан бастап «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры-басқарма мүшесі қызметін атқарған.