USD
USD
USD

Нарында өлтірілген «Лемонтидің» Қазақстанға қандай қатысы бар?

Кезінде өлім жазасына кесіліп, заңнаманың өзгеруіне байланысты 30 жылға сотталған Алмазбек Сүлейменов Қырғызстанның Нарын қаласында кісі қолынан қаза тапты. 

Нарында өлтірілген «Лемонтидің» Қазақстанға қандай қатысы бар?
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. «Оқиға Нарын қаласының орталығында, милиция кеңсесіне жақын жерде болған. 28 наурыз күні сағат 12.50 шамасында  Toyota Passo және Lexus көлігі соқтығысады. Көліктің бірінің рөлінде криминалдық авторитет Алмазбек Сүлейменов болған. Екінші көліктің жүргізушісі оны пышақтап өлтірген» деп хабарлайды АКИpress порталы.

Содан кейін шабуыл жасаған адам мәйітті көлікке салып, милицияға тапсырған. Және Сүлейменовті әдейі өлтіргенін, әкесі үшін кек алғанын мәлімдеген. Ол 1998 жылы қылмыстық топ қолынан қатігездікпен өлтірілген Имаш Шамиевтің ұлы – Талғат Шамиев болып шыққан.

«Лемонти» лақап атымен танымал Алмазбек Сүлейменов – Қамшы Көлбаев қылмыстық тобының белді мүшесі болған. Ал Қамшы Көлбаев жалғыз Қырғызстан емес, бүкіл ТМД-ға аты мәлім қылмыскер еді. Әрі қырғыздан шыққан жалғыз «Заңдағы ұры». Мұндай мәртебеге ол 2008 жылы Мәскеу қаласында өткен отыздан астам криминалдық авторитеттер жиынында ие болады. Оған әйгілі «Япончик» пен «Хасан ата» да қатысқан. (Бұл мәліметтер wikipedia-дан алынды).

Сол тоқсаныншы жылдары Алмазбек Сүлейменовтің де есімі аспандап тұрды.  Қырғыз ақпарат құралдарының мәліметінше, Алмазбек сол кездері Тоқмақ қаласына әмірін жүргізген.   

1998 жылы Нарын облысында болған қылмыстық топтар арасындағы ерегесте «Лемонти» бастаған жігіттер Имаш Шамиев пен Шадыбек Абсалиевті үйінен күштеп алып кетіп, асқан қатігездікпен өлтіреді. Ұрып-соққаннан кейін тапаншамен жер жастандырады, мәйіттерді өртейді, қалдығын өзенге ағызып жібереді.

Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, қасақана кісі өлтірді, бопсалады деген баптармен ол өлім жазасына кесілген. Бірақ өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты үкім орындалмай қалды. Ол 30 жылға бас бостандығынан айрылды. Алайда 2008 жылы денсаулығына байланысты түрмеден босады. Сол тұста «Лемонти» туберкулездің ауыр түріне шалдығыпты» деген ақпар тараған. Кейін оның жалған анықтама жасатқаны, сол үшін дәрігерлерге 75 мың АҚШ долларын төлегені анықталды.

Бірақ кеш еді. Қырғыз құқық қорғаушылары «Лемонтиді» таппай, жер сипап қалды. 2011 жылы оған халықаралық іздеу жарияланды. Бірақ Алмазбек Сүлейменов құқық қорғаушылар ойлағандай алыс шетелден емес, Қазақстаннан табылды. 2013 жылы ол Алматы облысының Қарасай ауданында ұсталып, Қырғызстанға берілді.

Өткен жылы ғана ол жаза мерзімінің негізгі бөлігінің өтелуіне байланысты түзеу колониясына ауыстырылған екен. Алдынан ажал күтіп тұрыпты...

Қазір оқып жатыр

Санкциядан қалған яхталар. Ресейлік табы бар түрік капиталы Қазақстанға қалай қиындық тудыруы мүмкін?

 Alfa Nero

Астаналық оқушы Harvard University-ге оқуға түсті

 Бөрте Сайранбекқызы

Ресейде жаппай төбелестен кейін ұсталған қазақстандықтар ісі СІМ бақылауына алынды

ресей

Қарағандыда 12 жасар қыз бен оның анасының өліміне күдікті ер адамның денесі табылды

Полиция