Нарықты бір сілкінтті. НЕГЕ сарапшылар Kassa Novaның дағдарыс уақытында сатылғанына қуанып отыр?
"Kassa Nova" банкі шамамен 48 миллион долларға сатылды. Сатушы - "ForteBank", сатып алушы - "Freedom Finance" инвестициялық компаниясы. Енді бұл келісімге Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі (КНРДА) рұқсат беруі тиіс.
Сарапшылар ҚНРДА тарапынан ешқандай қиындық болмайтынына сенімді. ҚНРДА жылдың соңына дейін келісімін беруі тиіс. Қазір Kassa Novaда 18,3 млрд теңге жеке капитал жиналды. Ал соңғы жылдағы кірісі 1 миллиард теңгеден асқан.
"Kassa Nova" банкінің құрылуы, оның тұрақты қаржы институтына айналып, одан кейін сатылуы біздің тиімді бизнес стратегияны жүзеге асырғандығымызды дәлелдейді", - деді, келісімге түсініктеме берген ForteBank басшысы Гурам Андроникашвили.
"Негізінде, қазіргі дағдарыс кезінде қаржы нарығындағы кез-келген сатып алу, сату біз үшін өте жағымды сигнал болып табылады. Бұл жақсы жағалық, себебі нарық тұралап тұр", - дейді, EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.
"Бұл екі жаққа да тиімді келісім. Өйткені, "Kassa Nova" банкінің ForteBank функцияларын қайталап жүргені жасырын емес еді. Көп жағдайда Forteдегілер екі банкті қатар дамытуға мәжбүр болды. Мұны өздері мойындап, баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді".
"Банк өзінің меншік капиталына 1,1 коэффицентін қолдана отырып сатылды", - деп түсіндіреді, Андрей Чеботарев. Банктің көрсеткіштері тұрақты, қайтарымсыз қарыздардың үлесі 7 пайыздан аспайды. Барлық пруденциалдық нормативтері сақталған. Бұл Қазақстан үшін өте қызықты тәжірибе. Әрі қаржы нарығы үшін ешқандай қаупі жоқ.
Тақырыпқа орай: Банктер НЕГЕ ауруын жасырып отыр?
"Freedomның инвестициялық стартегиясына сай, олардың құрылымында инвестициялық банк болуы керек. Ресейде олар дәл осылай қимылдады", - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. Оларға халық пен бизнеске несие беретін, депозит жинайтын кәдімгі классикалық банктің еш қажеті жоқ. Cондықтан Freedom Finance өздері сатып алған банктің несие мен депозит портфелін ForteBankке өткізіп беруі мүмкін.
"Былайша айтқанда, Freedom Financeге тек лицензия қажет болып отыр. Жаңа банк ашып, оған Ұлттық Банк пен ҚНРДА тарапынан лицензия мен басқа да рұқсат құжаттарын күткенше, нарықтағы дайын әрі арзан банкті сатып алған тиімді".
Сарапшылар Kassa Novaның сатылуы қаржы нарығындағы биылғы жылдың ең ірі келісімі болуы мүмкін дейді. Өкінішке орай, бұл қаржы нарығының бір демін ішке тартып, тоқтап қалғанын дәлелдейді. Ешкімнің ештеңеге зауқы болмай тұр. Ал Freedom Finance басшысы Тимур Турловтың қадамдарында "Миллиардерлер" сериалының сюжеттері байқалады. Соған қарағанда Турлов, банк сатып аларда сериалды асықпай отырып көріп шыққан сыңайлы.