3 Ақпан 21:00

Мүсірепов театры «Түкбілместі» таныстырды

Түкбілмес
Фото: aikyn.kz

Көрерменін тың әрі мазмұнды қойылымдарымен қуантатын Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында кезекті қойылымның тұсауы кесілді, деп хабарлады aikyn.kz.

Алматы, NEGE. Белгілі ресейлік балалар жазушысы, сценарист, драматург Николай Носовтың үздік туындысы («Незнайка») «Түкбілмес» деген атаумен театр сахнасында қойылды.

Балалардың сүйікті шығармасына айналған ертегіге қайта жан бітіріп, театр сахнасына әкелген режиссер, Пермь Мемлекеттік өнер және мәдениет институтының түлегі – Дмитрий Курочкин. Ертегіні қазақ тіліне аударған – Динара Әбікеева.

«Түкбілмес» - кішкентай көрерменін кез келген жағдайда адами қалпын жоғалтпауға, ашкөздік пен бос сөзге бой алдырмауға, достықты әркез берік сақтауға үйрететін қойылым. Осынау терең мағына мен өзекті мәселені қамтыған қойылымның қоғамға айтар ойы, өзіндік қосар үні бар. Қоюшы режиссер Дмитрий Курочкиннің сөзінше, «Түкбілмес» атауы кейіпкердің түк білмегендігінен емес, өзінің кім екендігін толық танып білмегендігінде жатыр.

Сондықтан шығарма әрбір адамзаттың өмірде өз орнын табуға бағыттайды. Аталмыш қойылымды сахналаған актерлік құрамның қатарында Олжас Сақ, Нариман Егімбеков, Айнұржан Орынбасарова, Бақытгүл Серікбаева және т.б өнер иелері бар.