29 Сәуір 21:59

Мүсірепов театрында «Король Лир» сахналанды

Фото:

28-30 сәуір аралығында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында «Король Лир» қойылымының премьерасы өтті. «Король Лир» Шекспирдің трагедияға толы атақты пьесасы.

Алматы, NEGE. Ғабит Мүсірепов театрында өткен атақты спектакльдің премьерасына келген көрермендердің қарасы қалың болды. Әлем театрларында бұрыннан қойылып келе жатқан туындыны режиссер Фархат Молдағали өз нұсқасында сахналады. Ол қазіргі қоғамның шынайы көрінісін спектакль арқылы жеткізген. Төрт ғасыр бұрын жазылған туындыдағы оқиға желісі біздің заманымызда да өз маңыздылығын жойған емес. Адам бар жерде бақ пен тақтың таласы таусылмайды. Жылдар жылжып өтсе де өзекті тақырып болып қала береді. 

Басты рөлді белгілі театр актері Сағызбай Қарабалин сомдады. Жалпы қойылымға 50-ден астам актер қатысқан. 

Шығарма желісі Лир патшаның қарттық жеткенде жақындарынан көрген сатқындығының арқасында өмірдің шырғалаңына шырмалған тағдыры баяндалады. 

Өзін көбірек жақсы көретінін іспен емес, сөзбен жеткізген қыздары Гонерилия мен Регенаға патшалықты бөліп береді. Ал өзін шексіз сүйетін Корделия әкесінің қаһарына ұшырап, өз үлесінен қағылады. Өйткені Корделия өтірік көлгірсудан бас тартады. Король Лир кіші қызын айыптап, үлкен екі қызына сенім артады. Ал олардың көксегені билік еді. Патшалықты өз қолымен қыздарына бөліп берген әке далада қалады. Сол кезде ғана кіші қызы Корделияның айтқанына көз жеткізеді және оның өзіне деген махаббаты айтпаса да шексіз болғанын түсінеді. Бірақ, бәрі кеш еді. 

Король Лирдің қыздары сияқты перзенттер қазір де бар. Сахнада шебер көрсетілген өмір шындығы көрерменге ой салары анық. Ал одан көзі қарақты көрермен өзіне керегін алып, көңіліне түйер.

Тегтер: