Мүсірепов театры «Алтын сақа» жеңімпаздарын анықтады
Алматыда Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Алтын сақа» фестивалі өтті.
Дәстүрге айналған «Алтын сақа» фестивалі биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. 2016 жылы бастау алған бұл игі жоба үздіктерді анықтай отырып, театр сахнасындағы көптеген жастарға шығармашылық шабыт сыйлап келеді.
Үш күн қатарынан өткен театрішілік фестивальге соңғы бір жыл көлемінде тұсауы кесілген «Король Лир», «Ойнайық та ойлайық», «Сырымды саған айтамын», «Оян, қалыңдық!», «Ақ кеме», «Дилфизо мен Донада» және жуырда премьерасы өткен «Болмаған балалық шақ» спектакльдері қатысты. Ал қазылар алқасының құрамы театр саласының кәсіби білікті майталмандары мен көрнекті қайраткерлерінен құралған.
Биылғы шараға Атагелді Ысмайылов атындағы «Ең үздік ер адам бейнесі», Жамал Бектасова атындағы «Үздік әйел адам бейнесі», Аққағаз Мәмбетова атындағы «Үздік спектакль номинациясы», Райымбек Сейтметов атындағы «Үздік режиссер» жүлдесі, Кененбай Қожабеков атындағы «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі», Тамара Қосыбаеа атындағы «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі», Бибіза Құланбаев атындағы «Үздік эпизод» аталымы, Мұхтар Бақтыгереев атындағы «Үздік дебют» марапаттары тағайындалған. Сондай-ақ 2022-2023 жылы тұсауы кесілген спектакльдерде өз талантымен әрі ізденісімен көзге түскен әртістер, режиссерлер және өзге де шығармашылық өкілдеріне «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» арнайы диплом берілді.
Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және театр өнерінің даму жолына қомақты үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған шараның соңғы кеші екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлім Қазақстанның халық әртістері Кененбай Қожабеков, Атагелді Ысмайлов, Мұхтар Бақтыгереев сынды өнер саңлақтары жайлы естеліктер айтумен бастау алса, ал екінші бөлім марапаттау әрі алматылық театрлардың ақжарма құттықтау тілектерімен жалғасты.
«Сахнаға жаңа қосылған қойылымдарымыз халықтың ыстық ықыласына бөленуде. Бұл дегеніміз қазақ өнерінің жаңа деңгейде бой көтергенін айқындайды, – деген театр директоры Талғат Есеналиев өнер өкілдерін «Халықаралық театр күнімен» құттықтай өтті.
«Ұлы өнердің мәуе жаюы жолындағы еңбектеріңіз еселеніп, төккен терлеріңіз еленіп, дүлділ дарындар мен дарабоз саңлақтарыңыз көбейе берсін. Мерекелеріңіз құтты болсын!», – деді театр басшысы.
Ал қазылар алқасының төрағасы, белгілі актер, режиссер, Халық әртісі Есмұхан Обаев Мүсірепов театрында қызмет жасаған жылдарын еске алу барысында шығармашылық ұжымның ерекшелігін айтып, әріптестерімен өткен қызықты кездерін бөлісті.
Сонымен, биылғы «Алтын сақа» фестивалін қорытындылайтын болсақ, «Ең үздік ер адам бейнесі» – Елдар Отарбаевқа, «Үздік әйел адам бейнесі» – Гүлбаһрам Байбосыноваға, «Үздік эпизод» – Мөлдір Қонысқызына, «Жыл актрисасы» жүлдесі – Жанар Мақашеваға табысталды. Көрермен сауалнамасы бойынша Дархан Сүлейменов «Көрермен көзайымы» атанса, театрда ұзақ жыл қызмет етіп келе жатқан Ақмарал Дайрабаева Роза Әшірбекова атындағы қазылар алқасының арнайы жүлдесін еншіледі.
Айтпақшы, биыл Мүсірепов театрының өнер ұжымына қос қуаныш қатар келді. Халықаралық театр күні қарсаңында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, театрдың көркемдік жетекшісі Фархад Молдағали ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан тағайындалған «Түркі әлемінің ең үздік режиссері» атағын алды.