Мусин депутаттардың сұрағынан састы, тілші сұрағынан қашты

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша» 1 сағатқа созылған баяндама оқыды. Мусинді көрсе, сұрақты қарша борататын депутаттар бұл жолы да аянып қалмады.
Әңгіменің әлқиссасын әріден бастайық. Жалпы отырыста министр Мусиннің баяндамасы депуттаттарға ұнамады ма, әлде іштері пысты ма, әйтеуір олар министрдің сөзін бөле берді.
Ең бірінші сын айтқан Айбек Паяев «Транстелекомның» жұмыс істеу тәртібін тездетуді ұсынды. Сонымен қатар, министрлерге қатты сөз айтуды тәуір көретін Паяев Мусинге: «Бізді құр депутат демей, «депутат мырза» деп айтыңыз!», – деп дүрсе қоя берді.
А.Паяев. Фото: Ж.Жұмабеков.
Осы сұрақтан кейін онсыз да кібіртіктеп қалған Бағдат Мусинге депутат Ерлан Сайыров: «Еліміздегі 6000 ауылдың бәрінде толыққанды интернет жоқ. Интернет болмаса, қайдағы бізде иновациялық даму? Облыс орталықтарына ғана барып қайтпай, ауылдарды шарлап шығыңыз!», – деп бұйрық бергендей болды.
Е.Сайыров.
Осылайша, министр Мусиннің баяндамасына 12 депутат кереғар пікір білдірді.
Мәжіліс отырысынан кейін Бағдат Мусин күн тәртібіндегі көтерілген мәселе жөнінде журналистерге сұхбат берді. Әдеттегідей кібіртіктеп, сұраққа нақты жауап бермейтін Мусин осы жолы да Nege.кz тілшісі қойған cұрақтан жалтарып кетті.
Б.Мусин.
«Бұрынғы биліктің тұсындағы «Қазақтелеком» мен Жаңа Қазақстандағы «Қазақтелекомның» жұмысында қандай айырмашылықтар болады?», – деген тілші сұрағын естісе де естімегендей болып, тұра қашты.
Бәлкім, Мусиннің бұл сұраққа жауабы жоқ шығар. Әлде бірдеңені бүлдіріп алам деп қорықты ма екен?..