Мұнайдың тағдырын кім шешеді? Экономист Үкіметтің болжамына баға берді
Қазақстан Үкіметі алдағы үш жылға экономиканың дамуына қатысты үш түрлі болжам жасады. Ең қолайлы жағдайда мұнайдың бір баррелі 85 долларға жетсе, ең нашар жағдайда 50 долларға дейін арзандауы мүмкін. Ал экономист Сапарбай Жұбаев мұнай бағасы 80–90 доллар шамасында сақталады деп есептейді. Бұл туралы ол NEGE редакциясының Decaf. подкастында айтты.
Астана, NEGE. Үкіметтің 2027–2029 жылдарға арналған болжамында мұнай бағасына қарай экономиканың үш түрлі даму жолы қарастырылған:
- Оптимистік сценарий: мұнайдың бір баррелі 85 доллар болады. Бұл жағдайда Қазақстан экономикасы жылына орта есеппен 5,9 пайызға өседі.
- Базалық сценарий: мұнай бағасы 70 доллар деңгейінде сақталады. Экономиканың орташа жылдық өсімі 5 пайыздан асады.
- Пессимистік сценарий: мұнай 50 долларға дейін арзандайды. Мұндай жағдайда экономиканың өсімі 3,2 пайызға дейін баяулайды.
Үкімет бюджет жоспарында базалық сценарийді негізге алған. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәліметінше, халықаралық ұйымдар мен инвестициялық банктер 2027 жылға арналған мұнай бағасы жөніндегі болжамдарын төмендеткен. Олардың орташа болжамы – барреліне 70,3 доллар.
Алайда экономист Сапарбай Жұбаев мұнай бағасына қатысты өзге пікірде. Оның ойынша, қазіргі геосаяси жағдай сақталса, мұнайдың бір баррелі 80–90 доллар шамасында болуы мүмкін.
«Меніңше, мұнай бағасы 80–90 доллардан төмен түспеуі керек. Себебі Ресей жақын арада бейбіт келісімге келе қоймайтын шығар. Иран да өз мүддесінен бас тартпай отыр. Қытай мен АҚШ та Тайвань мәселесінде жақын арада ортақ шешімге келе алмайды», – деді экономист.
Жұбаевтың айтуынша, мұнай бағасының алдағы уақытта қалай өзгеретіні Қазақстанға емес, әлемдегі ірі өндірушілер мен халықаралық жағдайға байланысты.
Ол Қазақстанның әлемдік мұнай өндірісіндегі үлесін шамамен 3,5 пайыз деп бағалады. Ел ОПЕК+ аясында өндіріс көлемін реттеу жөніндегі келісімдерге қатысқанымен, әлемдік бағаны өз бетінше өзгерте алмайды.
«Кейбір кездері мұнайды көп өндірмей, оның бағасын тұрақты ұстап тұру керек дейміз. Бірақ біздің әсеріміз өте аз», – деп түсіндірді Жұбаев.
Экономист мұнай бағасының арзандауына қандай жағдайлар әсер етуі мүмкін екенін де айтты. Егер әлемдегі қақтығыстар бәсеңдеп, Венесуэлада мұнай өндірісі ұлғайса және Иранға салынған санкциялар алынса, нарықта мұнай көбейіп, оның бағасы 60–70 долларға дейін төмендеуі ықтимал.
Ал қазіргі шиеленістер жалғасса, керісінше, мұнайдың қымбаттауына негіз бар.
Жұбаев Таяу Шығыстағы жағдайды, Ресей мен Украина арасындағы соғысты және АҚШ пен Қытай арасындағы қайшылықтарды әлемдік мұнай нарығына әсер ететін негізгі факторлар ретінде атады.
Экономист Қазақстан үшін мұнай бағасының жоғары болғаны тиімді екенін жасырмайды. Өйткені мұнай қымбаттаған сайын елдің экспорттық табысы мен Ұлттық қорға түсетін түсімнің артуына мүмкіндік туады.
«Қазір біреулер мұнай 50 жылға жетеді десе, енді біреулер 100 жылға жетеді дейді. Бірақ мұның бәрі әзірге болжам ғана. Қазақстан үшін мұнай бағасының жоғары болғаны, әрине, тиімді», – деді ол.
Сұхбатты YouTube-арнамыздан көруге болады.