Қаржы
Мүмкін азайтармыз. ТШО акционерлері НЕГЕ Қазақстанмен саудаласып көрмек?
«Теңізшевройл» акционерлері – Chevron (50% үлес) мен ExxonMobil (25% үлес) 2033 жылы аяқталатын «ғасыр келісімшартын» ұзартуға қатысты Қазақстан Үкіметінің негізгі талаптарын өзара талқылай бастады.
NEGE дереккөзінің айтуынша, әзірге 5% үлесі бар «Лукойл» бұл талқылауға белсенді қатысып отырған жоқ. Себебі санкцияға ұшыраған «Лукойлдың» шетелдік активтерін, соның ішінде ТШО-дағы үлесін сатып алатын тарап жыл соңына дейін анықталуы тиіс.
Бұған дейін Bloomberg Қазақстан тарапы Теңіз келісімін 2033 жылдан кейін ұзарту үшін бір реттік 10 млрд доллар төлем жасауды және «Теңізшевройлдағы» мемлекеттің үлесін 20%-дан 35%-ға дейін арттыруды шарт етіп қойғанын жазған болатын.
Фото: ТШО
«5 те 1» пропорциясы туралы әңгіме жүрген дейді, NEGE дереккөзі.
«Қазақстанның үлесін 15 пайызға көтеру үшін қалған үш акционер өз үлесінің бестен бірін береді деген ұстаным ортаға салынды. Сонда Chevron 10% үлесін, ExxonMobil – 5%, Лукойл – 1 % үлесін Қазақстанға өткізуі керек. Бірақ санкция талабы бойынша «Лукойлдың» үлесі басқа компанияға ауысуы қажет. Сонда бұл келіссөздер кіммен жүргізілетіні әлі белгісіз. Сондай-ақ Chevron, ашығын айтқанда, 10 пайыз үлесін беруге тартынып отырғандай көрінді. Олар Қазақстанмен қосымша саудаласып, өзінде кемінде 42% үлес қалдырғысы келетін сияқты».
Үлестен бөлек, Қазақстан сұрап отырған бір реттік 10 млрд доллар бойынша акционерлер арасында консенсус жоқ. Олардың бұл қаржыны ТШО-ның капиталы мен қарыз тартуы есебінен өтейік деген ұсынысын Қазақстан мүлдем қабылдамады. 10 млрд доллар ТШО есебінен емес, нақты Chevron, ExxonMobil мен шартты түрде «Лукойлдың» жеке қалтасынан төленуі тиіс.
Фото: "Теңізшевройл" ЖШС 2025 жылғы шоғырланған аудиттелген есебі. Аудитор: PWC
ТШО-ның аралық қаржылық есептілігіне сай, биылғы жылдың алғашқы жартысындағы выручкасы 13,5 млрд доллар, таза пайдасы 2,81 млрд доллар болды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания капиталындағы үлестірілмеген таза кірістің көлемі 29,5 млрд долларға жеткен еді.
ТШО-ның қарызы капиталына шаққанда көп емес. Компанияның қаржылық балансы өте тұрақты. Қазіргі қарызы 7 млрд доллар десек, оның 75 пайызын өзінің акционерлері – Chevron мен ExxonMobil-ден алған. Қазір ТШО-ның Chevron алдындағы қарызы 3,5 млрд доллар, ExxonMobil-ге берешегі 1,75 млрд доллар төңірегінде. Оның ішінде 2 млрд долларды ТШО 1-2 жылдың ішінде қайтаруы тиіс.
Ең басты сұрақ мынада: Қазақстан ТШО-дағы өз үлесін 2033 жылдан кейін көбейте ме, әлде 2030 жылға жеткізбей-ақ шеше ме? Егер тек 2033 жылдан кейін болса, онда ТШО-ның қаржылық жағдайы, шығындары мен қарыз жүктемесін жіті қадағалап отыру керек. Себебі бізге үлес тапсырар алдында Chevron мен ExxonMobil ТШО-ның барлық сөлін сығып алуға тырысуы да ғажап емес.