16 Қараша 17:01
...
Қарастырылып жатыр: Алматыдағы ірі оқу орындары Қонаев қаласына көше ме?

Алматы қаласындағы бірқатар колледждер мен ЖОО-ларды Қанаев қаласына көшіру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар президент Тоқаев: «Үкімет осы мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс беруі керек», - деп тапсырған болатын.
Қонаевқа көшіру ұсынысы күн тәртібінде қаралып жатыр ма? Қандай шаралар қабылданды? NEGE-нің тілшісі жолдаған сауалға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Ерғалиев Қуаныш Асылханұлы жауап берді.
«Бұл мәселенің негізгі себебі – 119 университеттің 35-і Алматы қаласында орналасқан. Сонымен қатар студенттердің үштен бірі Алматы қаласында. Бір жағынан жатақхана мәселесі де туындап отыр. Қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, қаладағы студенттердің 54%-ы ғана жатақханамен қамтылған. Сондықтан президенттің тапсырмасы осы мәселені шешуге бағытталған. Қазіргі таңда Қонаев қаласында арнайы академиялық қалашық құру мәселесі пысықталуда. Сол жердегі әкімдік өкілдерімен кездесіп, біз осы мәселені талқылап жатырмыз. Нақты бір концепция болған кезде хабарлайтын боламыз», – деді вице-министр.
Егер нақты шешім қабылданса, қандай колледждер мен ЖОО-лар Қонаев қаласына көшеді? Бұл Алматыдағы бұрыннан келе жатқан ірі оқу орындарына да қатысты ма?
«Біз жоғары оқу орындарына жауаптымыз. Сол себепті әл-Фараби атындағы Ұлттық университет сияқты, не болмаса Қаныш Сәтбаев сынды үлкен университеттердің кейбір факультеттерін көшіру мүмкіншілігін қарастырып жатырмыз. Мысалы, ҚазҰУ-дың өзі үлкен университет. Ол жерде жатақхана тапшылығы бар. Бірақ басқа да жеке меншік университеттер қала сыртына көшеміз дейтін болса, біз сол мәселені қараймыз», – деді Қуаныш Ерғалиев.
Алматыда қазір 190 мыңнан астам студент білім алып жатыр.