11 Желтоқсан 11:40
...

Мұқтаж жандардың ипотека сыйақысы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланады

Қаржы есеп
Фото: ғаламтордан

4 желтоқсанда тұрғын үй саласындағы саясатты реформалау мақсатында кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер күшіне енді. 

Алматы, NEGE. Оған сай, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына мынандай толықтырулар қосылды:

– квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау;

– квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы тұрғын үй салу үшін екінші деңгейлі банктердің жеке кәсіпкерлік субъектілеріне берген несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау.

Сондай-ақ заңнамадағы өзгерістерге сай кейбір ұғымдар толықтырылды, кейбір көрсетілетін қызметтердің талабы өзгерді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы азаматтарына олардың өтініштерін арнайы есепке тіркемей жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беруге тыйым салынды.

Бірге тұратын ерлі-зайыптылар, олардың ортақ балалары немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің балалары (оның ішінде асырап алған, қорғаншылығындағы немесе қамқорлығындағы балалар) үй иесінің отбасы мүшелері деп танылды. Ал жұбайының ата-анасы, сондай-ақ бірге тұратын балалардың отбасылары тек өзара келісім бойынша ғана тұрғын үй иесінің отбасы мүшесі деп танылуы мүмкін.

Халықтың әлеуметтік осал тобына асырауында кәмелетке толмаған және жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында немесе кәсіптік оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын (23 жасқа толмаған) балалары бар жесірлер (жалғызбасты әкелер) кіреді.

Мүгедектігі бар жандарға, сондай-ақ мүгедек баласы бар отбасыларға, денсаулық сақтау саласындағы орталық атқарушы орган бекіткен кейбір ауыр созылмалы аурулар тізілімінде көрсетілген дертке шалдыққан науқас қарттарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жекеменшік тұрғын үй қорынан жалға алған пәтер олардың қалауы ескеріле отырып, лифтісі бар көпқабатты тұрғын үйдің төменгі қабаттарынан, ал тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған мүмкіндігі шектеулі жандарға бірінші және екінші қабаттардан ғана беріледі.

Заңнамадағы тұрғын үй саласындағы мемлекеттік қолдау шараларына қатысты өзгерістермен мына сілтеме арқылы танысуға болады.