«Мұхтар Шахановтың жағдайы әлі оңалған жоқ»
Ақын Мұхтар Шаханов Қалқамандағы №7 ауруханада бір аптадан астам уақыттан бері ем қабылдап жатыр.
Nege.kz тілшісі анықтағандай, ақынның екі өкпесі бірдей қабынып, тыныс алуы қиындаған. Қос өкпесінің 85 пайызы арнайы желдеткіш құрылғыға қосылған.
«Ақын үйіне қайтқысы келеді, бірақ жағдайы әлі оңалған жоқ. Өздігінен демала алмайды. Өкпесінің 85 пайызы арнайы аппаратқа қосылған» дейді ақпарат көзі.
Бүгін таңертең М.Шахановтың орынбасары, жазушы Құдияр Біләл әлеуметтік желі арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ашық хат жолдады.
«Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Әлеуметтік желі бетінде хабарланғанындай, қазақтың біртуар дара перзенті Мұхтар Шаханов Өзіңіз алаңдаушылық танытып отырған өкпе қабынуы ауруына шалдығып, Алматы қаласындағы «Қалқаман» ауруханасында ем қабылдап жатыр. Ауырғанына бір жұмадан асты. Емдеу шаралары әлі күнге дейін оң нәтиже бере қойған жоқ. Аурухана әкімшілігі М. Шахановты ауруға шалдыққан көп адамның бірі ретінде ғана қабылдауда.

М.Шаханов, Өзіңіз білетіндей, КСРО кезінен бастап тәуелсіздік алуымыз үшін қызмет еткен санаулы тұлғаның бірі. Рас, жоғары билік шешімдерінің бәріне бірдей бас шұлғи бермейді. Бірақ Сіздің ұлттық мәселелерге қатысты шешімдеріңізді жоғары бағалайды. Өзіңіз Президенттікке сайлауға түскен кезіңізде де Сізге ашық түрде қолдау білдіріп, ұлт зиялыларын Сіздің төңірегіңізде жиналуға шақырған болатын. М.Шаханов сол ниетінен бір сәтке де айныған жоқ.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақ халқы ерекше құрметтейтін М.Шахановтың ауруханада бір аптадан бері елеусіз ем қабылап жатуы, көпшілікке әртүрлі ой салуда. Оларда: «Мемлекет қазақ ұлтының мәртебесін, рухани құндылықтарын асқақтату тұрғысында бар өмірін сарп еткен М.Шаханов сияқты ұлттық тұлғалар денсаулығына неге назар аудармайды?», – деген алаңдаушылық бар. Мұндай халық алаңдаушылығын өз мүдделеріне пайдаланғысы келіп жүрген күштер де аз емес. Соған орай Сізден М.Шахановтың денсаулығына мемлекеттік тұрғыда назар аударуыңызды сұраймыз».