10 Тамыз 16:07
...

Мұхамедиұлына Кексельдің қандай қатысы бар?

Фото:

Жуырда біздің тұрақты оқырмандарымыздың бірі қызық дерек жеткізді. Оның айтуынша, кезінде мемлекеттік қызметкерлердің түсіне кіріп, ұйқысынан шошытып оятқан атышулы тергеуші Олеся Кексель қазір адвокат болып жүр екен және қорғауына Арыстанбек Мұхамедиұылын алыпты...

Алдымен Олеся Кексель туралы бірер сөз.

«Медведевтің курстасы» Қайрат Қожамжаров Антикорды басқарып тұрғанда Олеся Кексель оның «аузымен құс тістеген» тергеушілерінің бірі болды. Ол Антикордың тергеу департаменті бастығының орынбасары лауазымына дейін өсті. Кейіннен Қожамжаров Бас прокурор болғанда, Кексель Арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынтағына отырды.

Қ.Қожамжаров. Фото: ғаламтордан.

Бұл аз десеңіз, Қожамжаровтың алқауымен екінші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, 2017 жылғы «Жылдың үздік мемлекеттік қызметкері» атанды.

Кексель экс-премьер С.Ахметовтің, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиевтің, ұлттық экономика министрі болған Қ.Бишімбаевтың, басқа да жоғары лауазымды шенділердің қылмыстық ісін жүргізген.

2019 жылы күзде О.Кексельдің өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Кәсіпкер Е.Нәбиев Кексельді «тергеу кезінде азаптау қолданды» деп айыптады.

Алайда Кексельдің ісі соңына дейін жеткен жоқ. «Істі соңына жеткізбеуге қазіргі сенатор Қайрат Қожамжаров күш салды» дейтіндердің бір білгені болса керек. Өйткені Қожамжаровтың сол тұста бұл іске қатты кіріскені есте.

Коллаж: ғаламтордан.

Жуырда С.Ахметов және тағы басқа да бірқатар азаматтар тергеу кезіне қысым көргенін мәлімдеп, қылмыстық істі қайта қарауды сұрады. Егер қадағалаушы орган құп көрсе, Кексельдің етегіне қайтадан қоңырау байлануы әбден мүмкін.

Қош, сонымен Олеся Кексельдің Арыстанбек Мұхамедиұлына қандай қатысы бар? Кексельдің үстінен қылмыстық іс қозғалды ма? Кексель қазір қайда?

Біз бұл сұрақтарды Бас прокуратураға және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдағанбыз.

Бас прокуратураның жауабы мынадай болды: «Құқық қорғау органдарымен О.И.Кексельге қатысты тергеп-тексеру басталмаған жəне қылмыстық қудалау жүргізіліп жатқан жоқ.

Қазіргі танда А.Мұхамедиұлы қорғаушысы ретінде О.И.Кексель танылмаған. Прокуратура органдарында қалған мəселер бойынша мəліметер жоқ».

Ал Антикор бүй дейді: «Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде күдікті ретінде О.И.Кексель өтетін қылмыстық істер жоқ.

А.Мұхамедиұлының қорғаушылары туралы мәліметтерді ұсыну мүмкін емес, өйткені Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.

О.И.Кексель адвокаттық қызметті жүзеге асыруға құқылы ма деген сұрақ бойынша уәкілетті органға жүгіну қажет.

Басқа сұратылған ақпарат жоқ».

Жақында қамаудағы Арыстанбек Мұхамедиұлын қорғап, Асанәлі Әшімов бастаған бір топ ақсақал-қарасақалдар Мемлекет басшысына хат жазған. Бір қызығы, бұлардың арасында әнші Мадина Сәдуақасова да бар екен...

Президентке топталып хат жазу – Олеся Кексель сияқты Ескі Қазақстанның тергеушілерінің тозығы жеткен тәсілі емес пе екен?..        

Тегтер: