Мұхамбетовті жұрт НЕГЕ «Архимед 30%» деп атайды? Әкім жауап берді

Жуырда Қостанай облысының Әулиекөл ауданында болған алапат өрттен кейін зардап шеккен тұрғындарға арналып жаңадан 91 үй салынған. Алайда көп уақыт өтпей-ақ жаңа үйлердің сапасынан ши шыға бастады.
NEGE порталы Қостанай облысының әкімі Архимед МҰХАМБЕТОВТІҢ атына ресми сауал жолдаған. Әдетте сауалдарға әкімнің орынбасары немесе басқарма басшылары жауап беретін.
Сауалдардың маңыздылығын түсінді ме, әйтеуір, сұрақтарымызға бұл жолы А.Мұхамбетовтің өзі жауап беріпті.
Ресми сауалда облыс әкімінен жаңа ықшамаудан салуға бюджеттен қанша қаржы жұмсалғанын, неліктен жаңа үйлер салынған аумақты су басып жатқанын, инженерлік коммуникация не себепті жүргізілмегенін, оған бөлінген 600 млн теңгеден астам қаржының есебін және жұрт арасында «Архимед 30%» деген әңгіменің қайдан шыққанын сұрағанбыз. Жауап төмендегідей болды.
«1. Әулиекөл ауданында өрттің салдарынан зардап шеккен адамдарға 91 тұрғын үй салынды.
Жобаға сәйкес қажетті инфрақұрылыммен: сумен, газбен, электрмен жабдықталған, сондай-ақ кірме жолдармен қамтамасыз етілген, әрқайсының ауданы 100 шаршы метр және 10 га учаскесі бар 91 тұрғын үй салынды.
Осы мақсаттарға ҚР Үкіметінің резервінен 2,2 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 91 тұрғын үй құрылысының құны 1,665 млрд. теңгені құрайды, инженерлік желілерді өткізуге 608,7 млн. теңге сомасында қаражат бөлінді.
2. Жаңа үйлерді салу орны Әулиекөл ауылы болып белгіленді, өйткені Аманқарағай ауылы орман алқабының жанында өрт қауіпі бар аймақта орналасқан.
«Қолдау» ЖШС әзірлеген және Қостанай облысы Әулиекөл ауданы мәслихатының 2017 жылғы 24 желтоқсандағы №368 қаулысымен бекітілген Әулиекөл ауылының бас жоспарына сәйкес 531 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге жалпы алаңы 53 гектар жер учаскесі бар.
«SKS-KAZПРОЕКТ» ЖШС ағымдағы жылы инженерлік-геологиялық ізденістер өткізді.
Жобалау-сметалық құжаттама бойынша «Мемсараптама» РМК солтүстік өңір бойынша филиалының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының оң қорытындысы алынды.
Жоба бойынша үйдің іргетастары мен еденнің негіздері гидро-жылуоқшауланған. Үйлердің негізгі конструкцияларының сенімділігіне, мықтылығы мен беріктігіне қатысты іс-шаралар қарастырылған.
Су тасқыны кезінде жеке үйлерге бөлінген учаскенің аумағын су басуды болдырмау үшін үйлерді тік жоспарлау және үйлерді тұрғызу шаралары ескерілді. Сонымен қатар, кірме жолдарды салу жобаларын әзірлеу кезінде тиісті еңістер қарастырылған.
Сондай-ақ ЖТҚ учаскесінің аумағынан ықтимал тасқын су және еріген суларды бұру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Салынған үйлер учаскесінің жанындағы Қ.Шәмшиев көшесінде орналасқан 49, 45, 47-тұрғын үйлерді көзбен шолып тексеру кезінде аталған үйлерді 25 жыл бойы су баспағаны көрініп тұр.
3. Ауа-райының жылынып кетуі мен бірнеше күн бойы жаңбыр мен қар түрінде жауған жауын-шашынның салдарынан 91 тұрғын үйдің ішінен 12 тұрғын үй аумағында судың жиналуы байқалады.
Сонымен қатар, инженерлік-геологиялық зерттеулерге сәйкес үйлердің іргетасы ылғалдан қорғалған, үйлерге су кірмейді, су басу қаупі жоқ.
Қазіргі уақытта суды тартып алу техникасының кезекшілігі тұрақты негізде жүргізілуде. «Бірлік» жаңа шағын ауданының аумағында облыстың құрылыс басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп техникалық қадағалаудың кезекші маманы тұрақты жұмыс жасап жатыр.
Үйлерді салу жобасында кәріз (септик) құрылысы қарастырылмаған, осыған байланысты уақытша септиктер мердігерлер есебінен орнатылды.
Қазіргі уақытта «Бірлік» шағын ауданындағы тұрғын үйлерінің жеке кәрізіне жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың жылы мезгілінде орындалатын болады. Бұдан кейін аталған мәселе толық шешіледі.
4. Бұның алдында атап өткендей, әзірленген жобаларға сәйкес Әулиекөл ауылында сумен, газбен, электрмен жабдықтаудың инженерлік желілері тартылды.
Кірме жолдарды салу жобасы екі жылдық, аяқталу мерзімі - 2023 жыл.
Үйлерді салу жобасында кәріз (септик) өткізу көзделмеген. Құрылыстың қысқа мерзіміне байланысты уақытша септиктер мердігерлер есебінен орнатылды.
Сонымен қатар, «Бірлік» шағын ауданы тұрғын үйлерінің жеке кәріздеріне жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, жұмыстар 2023 жылдың жылы мезгілінде орындалатын болады.
5. Әулиекөл ауылының «Бірлік» шағын ауданына инженерлік желілерді өткізуге ҚР Үкіметінің резервінен 608,7 млн. теңге сомасында қаражат бөлінді, оның ішінде:
- сумен жабдықтау желілеріне - 192,8 млн. теңге (мердігер «BAK Building» ЖШС);
- электрмен жабдықтау желілеріне - 66,4 млн. теңге (мердігер «ЭПК-forfait» ЖШС);
- газбен жабдықтау желілеріне - 56,0 млн. теңге (мердігер «Әлия-Сервис» ЖШС);
– кірме жолдарға РБ - 293,5 млн. теңге (мердігер «ВАН» ЖШС), өз кезегінде, кірме жолдарды салу жобасын қаржыландыру екі жылдық болып табылады, аяқталу мерзімі – 2023 жылғы маусым, орындалған жұмыстарға ақы төлеу орындалған жұмыстардың актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
6. Осы сұрақ бойынша, кешіріңіз, өсек-аяңдарға, бос сөздерге жауап бере алмаймын».
Облыс әкімі соңғы жауабында айтып отырған «осы сұрақ» жұрт арасына тарап кеткен «Архимед 30%» деген «мәртебелі атақтың» жайы еді. А.Мұхамбетов мұны «өсек-аяң» және «бос сөз» деп атады. Шынымен солай ма, Архимед Бегежанұлы?..