19 Ақпан 13:22
...

«Мүгедек балаларға деп 22 миллион теңге жинап, өз қажетіне жұмсаған» – Перизат Қайрат ісіне қатысты тың ақпарат шықты

Перизат Қайрат
Фото: инстаграм парақшасынан

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайраттың ісіне қатысты тың мәлімет айтты. 

Алматы, NEGE. Агенттік төрағасының айтуынша, қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын. Наурыз айының басында тергеу аяқталып, қылмыстық істің материалдарымен танысу кезеңі басталады. 

Қазіргі уақытта 190-бап, яғни алаяқтық бойынша қылмыстық іс тергелуде. Сонымен қатар, қылмыстық іс 218-бап (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша қаралып жатыр.

«Біз бұған дейін таратқан ресми хабарламамызда Палестинадағы жағдайға қатысты және су тасқынына қайырымдылыққа жинаған қаражаты туралы айттық. Қаңтар айының соңында біз қосымша жаңа эпизодты тіркедік. Ол мүгедек балаларды оңалту орталығын құру үшін аукцион ұйымдастырып, 22 миллион теңге жинап алған. Жиналған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған», - деп мәлімдеді Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары.

Жеңіс Елемесовтің айтуынша, қылмыстық іс материалдары шамамен 100 том болған. 

«Жақын арада біз тергеуді аяқтап, іс материалдарымен танысу кезеңіне көшеміз. Танысу қанша уақытқа созылатынын нақты айта алмаймын, себебі ол қылмыстық процеске қатысушыларға байланысты. Заттай дәлелдемелерді есептемегенде, қылмыстық іс материалдарының шамамен 100 томы бар, сондықтан бәрі процеске қатысушыларға байланысты болады. Менің ойымша, біз наурыз айының басында аяқталғанын хабарлаймыз», - деді Жеңіс Елемесов.

Естеріңізге салайық, Перизат Қайрат биылғы су тасқынынан зардап шеккендер үшін жиналған 1,5 млрд-тан астам қаржыны ұрлады деген күдікке ілінген.