Митинг: Көктер мен қызылдар қырқысы | фоторепортаж | видео

Бірнеше күн бұрын қоғам белсендісі Жанболат Мамай әлеуметтік желіде жазба жариялап, халықты митингке шақырды. «Бейбіт шеру!» деген жарнамалық баннер біраз адамға жетсе керек, бүгін, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алдына жиналған жұрттың қарасы қалың.
Түс кезі. Алматының Абай көшесі құдды жансыз кейіпте дерсің. Бәрі Жанболаттың желідегі жазбасынан басталды. Абай көшесімен жүретін көліктердің жолы кесілді, тіпті, қоғамдық көліктерге Байзақов пен Сейфулин көшесі аралығында тоқтауға тыйым салынды.
Ал, аялдамалар қызыл лентамен оралып тасталған. Әр аялдама басында бір қарауыл тұр. Тілшіміз тілдескен азамат «Төтенше жағдайлар қызметкерімін, мына аялдамаға автобус тоқтамайды», – деп жауап берді. «Неге» деген сауалға «Біраздан соң митинг болады» деп тіл қатты.
Көшеде қоғамдық көлік аз болғанымен, Орталық стадион алдында жиналған бір топ қала тұрғындарын тасуға арналған автобус еріксіз назар аудартты.
Олардың қапталында жедел жәрдем көліктері де тізіліп тұр. Соған қарағанда бүгінгі митингке Мамай ғана емес, қалалық әкімдік те сақ дайындалған іспетті.
Сағат 12-ге бірер минут қалғанда жұрт қарасы көбейе берді. Бірақ, спорт сарайының алды темір тосқауылмен жабылған. Жер-жерде тәртіп сақшылары кезекшілікте тұр.
Жанболаттың жазбасына сүйенсек, бұл митингіні ұйымдастырушы Демократиялық партия мен Басе каналы екен. Шерушілердің билікке арызы мынау:
«Жер шетелдіктерге берілмесін!
Әр отбасыға – лайықты баспана!
Несиелік амнистия!
Еуропарламент қарарындағы талаптар орындалсын!»
Спорт сарайының алдына жиналғандар екі тарапқа бөлінген.
Билік тарапы рұқсат етілмеген митинг екенін алға тартса, Жанболат Мамай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сынап, «бейбіт шеру өткізуге рұқсат береміз дегені қайда» деп айыптады. Бәрінен де көз тартқаны – қос тараптың дыбыс ұлғайтқышы.
Байқаған болсаңыз, Ж.Мамайдың қолында – қызыл, қарсы тарап қолында көк дауыс ұлғайтқыш ұстаған.
Көшелер жабылып, қоғамдық көлік жүрісі шектеліп қана қоймай, полиция өткен-кеткеннің сөмкесі тінтіді.
Әдеттегідей, митингіге жиналған адамнан гөрі тәртіп сақшылары, полиция, арнайы жасақ өкілдері көп.