USD
USD
USD

Мырзабосынов Шайдоров жайлы: Әр спортшыға жеке-жеке келісімшарт әзірлей алмаймыз

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бірнеше айдан бері жалақы алмаған Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты пікір білдірді.

.
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Жақында ғана Михаил Шайдоров бірнеше айдан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеген еді. Спортшының айтуынша, мәселе жаңа келісімшарттың талаптарына байланысты туындаған. Оның сөзінше, 2026 жылдың соңына дейін күшінде болатын құжатта 2030 жылғы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алу міндеттемесі көрсетілген.

Шайдоров бұл талаппен келіспейтінін ашық айтты. Мәнерлеп сырғанаушының пікірінше, ол 2026 жылы қол қоятын келісімшарт арқылы төрт жылдан кейін өтетін Олимпиададағы нәтижеге алдын ала кепілдік бере алмайды. Ол мұны қисынсыз әрі орындалуы қиын талап деп бағалады.

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте сала министрі спортшыға қатысты дауға нүкте қойды.

«Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты мәселе толығымен шешілді. Шарттың талаптары түсіндірілді. Құжатқа қол қойылды. Бұл жерде мынаны айта кетуіміз керек: бұл – стандартты келісімшарт. Оған тек Олимпиада спортшылары ғана емес, барлық спортшы қол қояды. Сондай-ақ бұл құжат әлемдік тәжірибеге, антидопинг агенттігінің және Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстарына сәйкес жасалған. Тіпті БАҚ тарапынан қысым болған күннің өзінде, біз жекелеген бір спортшы үшін бөлек келісімшарт әзірлей алмаймыз», – деді министр.

Министр спортшыға қатысты бұл жағдайдың туындауына екі тарап арасындағы коммуникацияның дұрыс жолға қойылмауы себеп болғанын да жасырмады. Сондай-ақ ол БАҚ өкілдерінен бұл мәселеге нүкте қоюды сұрады.

«Біз онымен Олимпиада алдындағы циклді қалай өткерсек, дәл қазіргі кезеңде де осы сынақтардың барлығынан солай өтіп жатырмыз. Мен тағы бір мәрте айтып өтейін: екі тараптан да орындаушы менеджерлер түсіндіру жұмыстарын соңына дейін атқармаған. Олар әкімшілік жазаға тартылды», – деді министр.

Айта кетейік, бүгін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы шетелдік оқу-жаттығу жиынына қатысу үшін АҚШ-қа аттанған болатын. Ол алдағы Олимпиада ойындарына дайындалады.

Қазір оқып жатыр

Қырғызстанның экс-депутаты АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүр

Ұлықбек Қошқаров

Талдықорғандағы сарбаз өлімі: батальон командирінің орынбасары 4 жылға сотталды

Әскери адам, сарбаз

Шекарада 300 мың доллардай қаржыны шетелге заңсыз шығармақ болған әйел ұсталды

ҰҚК

ҰҚК Атырау әкімі орынбасарына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады

Мейіржан Мұқасов