Мирдің мәнісі – ортақ валюта
Ресми Мәскеу Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасы туралы осымен бесінші рет ашық ұсыныс айтты. Беларусь, Армения мен Қырғызстанның позициясы түсініксіз, ал Қазақстан ашық қарсы. Ортақ валюта Путинге не үшін қажет?
КСРО құлап, кеңес рублі жойылғаннан кейін, оны қайта түлету Ресейдегі билікті ұстап тұрған топ үшін үлкен геосаяси мақсат болып отыр. «Ол валютаның аты Алтын бола ма, Ділдә бола ма, ол Ресейге маңызды емес дейді», - атын атамауды сұраған Еуразиялық экономикалық комиссияда қызмет атқаратын жауапты тұлға.
Оның айтуынша, Ресей үшін ең бастысы эмиссия орталығы Мәскеуде болуы тиіс. Сол кезде Ресей қалған төрт мемлекетке, оның ішінде Қазақстан да бар, толық экономикалық диктат жүргізе алады.
Эмиссия – ақшаны басып шығару. Ортақ валюта Мәскеуде басылатын болса, одаққа кіретін қалған мемлекеттер Ресейдің аузына қарап отырады. Валюта курсын реттейтін де Ресей болмақ. Бұл жағдайда Қазақстан өз инфляциясын ауыздықтай алмайды, ақша-кредиттік саясатын жүргізе алмайды және тіпті «Ұлттық банктің қажеті бар ма?» деген сұрақ туындауы да мүмкін.
«Ресей жаһандануға аймақтану үрдісін қарсы қойып отыр» дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Жаһандануды АҚШ пен Еуроодақ жүргізеді. Ресей одан сырт қалып барады. Енді ол өз ықпалындағы мемлекеттерді бөліп алып, бөлек жабық әлем құрғысы келеді. Осылайша, өз әлеміндегі нөмірі бірінші держава болғысы келеді.
Рысмамбетовтың айтуынша, ортақ валютаны Ресей Мир ақша аудару жүйесі арқылы біртіндеп жүзеге асырмақ. Қазір Қырғызстан Мир жүйесіне қосылып, оны өзінде іске қосуға дайындалып жатыр. Одан кейін қалған мемлекеттер де қосылса, Қазақстанға ультиматум қойылады. Ал Ресей Мирді экономикалық одақ аясына толық енгізе алса, онда ортақ валютаны іске асыру оңай болмақ.
Комиссияның ішкі ахуалын жақсы білетін сарапшының ойынша, ортақ валюта енгізілген күннен бастап Қазақстан экономикалық тәуелсіздіктен айрылады.
«Инфляцияны өзіміз реттей алмасақ, бағаның өсуін тежей алмаймыз. Валюта курсына ықпал етпесек, біз әлеуметтік жағдайды ушықтырып аламыз. Сол кезде халық көшеге шығады. Демек, бұл Ресей үшін ыңғайлы саяси құралға айналып шыға келеді» дейді ол.
Қазір Қазақстан одақтағы комиссия шеңберінде де, ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық Банк деңгейінде де ортақ валюта мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ деп нақты ұстанымын білдірді.
Nege.kz сарапшылар тобының пайымдауынша, бұдан кейін Ресей біршама уақыт үзіліс алуы мүмкін. Бірақ сол үзіліс аясында Мир төлемдер жүйесін дамыту бағытында белсенді жұмыстар атқарылып, құрсау қыса түсуі ғажап емес. Бұған Қазақстан Мир жүйесін елге енгізбей, рубльдік операцияларды қысқартып, Халықаралық валюталық қормен (МВФ) арадағы әріптестікті күшейту арқылы тойтарыс бере алады. Сонымен бірге, елдегі Ресей банктерінің (Сбербанк, ВТБ, Альфа-банк) клиенттер саны, активтер үлесінің көбейіп кетпеуін де қадағалап қойғаны жөн.
Nege.kz экономикалық сарапшылар тобы
Қазір оқып жатыр
«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы
«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы
Ескертуді елеместен Таяу Шығысқа кеткен қазақстандықтар жауапқа тартыла ма?
Маңғыстаулық Ұлы Отан соғысының ардагері бейбітшілікті бағалап, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды