Минустан минусқа. Клебанов НЕГЕ қиналып жүр?
Орталық Азиялық электроэнергетикалық корпорация (ЦАЭК) 2022 жылды да минуспен аяқтады. Егер 2021 жылы олар 60 миллиард теңге шығынданса, 2022 жылдың аяғында 29 миллиард теңге шығынға ұшырады.
ЦАЭК-ке олигарх Александр КЛЕБАНОВ серіктесі Сергей КАНМЕН бірге иелік етеді. Жағдайлары мәз емес. Олар «ВТБ», «Халық банкі» мен «ЕБРР»-ге жалпы алғанда 220 миллиард теңге қарыз. Және 2022 жылы өздерінің банк алдындағы төлемдерін өтемеген. Бұл жағдайда, банктер негізгі қарызды бірден қайтаруды талап етуге құқылы. Егер олай болса, ЦАЭС Клебановтардан кетіп, банкирлер қолына өтуі мүмкін.
«Орталық Азия электрэнергиялық корпорациясы» АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Deloitte
ЦАЭК құрамына Павлодар, Екібастұз, Солтүстік-Қазақстан облысындағы энергия шығаратын және оны тарататын, Ақмола облысында электр энергиясын тарататын құрылымдар кіреді. Апат болған Екібастұздағы ТЭЦ те – ЦАЭК меншігінде. Жұмысшыларының жалпы саны 9 мыңнан асады.
Екібастұздағы ТЭЦ. Фото: Tengrinews.kz
ЦАЭК-тегі жағдайдың нашарлауы қолдан жасалып отырған жоқ па деген күдік ұялайтыны рас. Себебі, Жаңа Қазақстан жағдайында көптеген олигархтың табиғи монополиямен айналысқысы келмей қалды. Олар үшін өз активтерін ұтымды бағаға өткізіп, мемлекет алдындағы инвестициялық міндеттемелерін орындамай, ойыннан шығып кеткен тиімді. Бірақ мемлекетке ол керек пе?
Олигархтар ірітіп-шірітіп тастап кеткен ТЭЦ-терге, қазандықтарға мемлекет ие болып отыра ала ма? Бюджеттің бұл ауыр жүкті көтере алмайтыны белгілі болып отыр. Соңғы уақытқа дейін қожайындары үндемей, жақсы табыс тауып келген табиғи монополия ошақтары 2022 жылдан кейін бірден кежегесі кері тартып, шығынға бата бастағаны түсініксіз.
Мемлекет пен олигархтар арасындағы қазіргі көріністі «лимон-лимонад» ертегісімен түсіндіруге болады.
Лимон сатушы алушыға лимонды өте арзан – 5 тиынға ұсынады. Тек алушы одан лимонад жасап, жарты лимонадты сатушыға құйып беруі тиіс. Арзан лимон алғаннан кейін алушы лимонның бар сөлін сығып алып, сатушыға «кешіріңіз, тырыстым, бірақ мынадан лимонад жасай алмадым» деп, лимонның қабығын қайтарып беріпті...