4 Шілде 12:40
...

Минустан шықты. Нұрәли Әлиев үшін 2023 жыл НЕГЕ жайлы болды?

Алиев
Фото: Фото: Nege.kz

Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұралы Әлиев негізгі акционері саналатын «Транстелеком» акционерлік қоғамы 2023 жылы 10,7 миллиард теңге таза пайда көрді. Ал 2022 жылы «Транстелеком» 11,1 миллиард теңге шығынға батқан болатын.

Нұрәли Әлиев Unit Telecom фирмасы арқылы «Транстелекомның» 75 пайыз акциясын ұстап отыр. Қалған 25 пайызы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қолында. Бұдан шығатын бір қорытынды – мемлекет те «Транстелекомның» пайдаға шығып, дивиденд әкеле бастағанын қалайды.

Транстелеком
Фото: "Транстелеком" АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

Қазір компанияда қордаланған және үлестірілмеген 23,3 миллиард табыс бар. Оның 17,5 миллиард теңгесі Нұрәли Әлиевке тиесілі. Қалғанын «ҚТЖ» ала алады. 2022 жылмен салыстырғанда «Транстелекомның» активтері 30 миллиард теңгеге азайып, қазір 190 миллиард теңгенің төңірегіне тұрақтады.

«Форбс» есебінше, Нұрәли Әлиевтің дәулеті 220 миллион долларға бағаланады. Оның ең маңызды активі осы – «Транстелеком». Одан бөлек, «Capital Holding» пен «Darmen Holding» фирмаларында қомақты үлесі бар. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Дубайда Donatello Hotels and Resorts қонақүйіне, Алматы мен Астанадағы бірнеше мейрамханаларға иелік етеді.

Транстелеком
Фото: Nege.kz

Кезінде Астана әкімінің орынбасары ретінде Нұрәли Әлиев LRT жобасын бекітуге қатысқан болатын. Артынан, осы іске қатысты ұсталып, кейін сотталғандар оның да жауапқа тартылуын талап еткен еді.

«Жаңа Қазақстанның» сілтеген қамшысы бұл жолы Әлиевке тие қоймады. Бірақ «Транстелеком» дағдарыстан шығып, ақшасы молая түссе, Нұрәли Рахатұлына қосымша сұрақтар туындай бастайтынын іштей сеземіз. Өйткені жақында «ҚТЖ»-ның бұрынғы басшысы Ерлан Атамқұлов сқхбат беріп, «Транстелекомға» қатысты біраз құпияның бетін ашқан болатын.