22 Қаңтар 09:44
...

Министрлік Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандықтарға қатысты мәлімдеме жасады

freepik.com
Фото: freepik.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кореяда заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстандықтарға ақпан айының соңына дейін айыппұлсыз және қайта кіруге тыйымсыз, елден ерікті түрде шыға алатынын ескертті.

Астана, NEGE. Ведомство өкілдері 2025 жылы Қазақстанның Еңбек министрлігі мен Корея Республикасы Әділет министрлігі арасында заңсыз көші-қонды азайту және азаматтарымыздың құқығын қорғау мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде Ерікті түрде елден шығу бағдарламасының шеңбері уақытша кеңейтілген.

«Бұл шаралар құқықтық салдарларды жеңілдетуге және өз мәртебесін реттеуге дайын адамдарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, мәжбүрлеп шығару шарасына жататын, сондай-ақ 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеде қалған шетелдіктерге қолданылмайды», – делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, ерікті түрде елден шығу үшін төлқұжат, өз еркімен кету туралы өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала хабарлама Корея Республикасының иммиграция кеңселері арқылы ұшу күніне дейін 15-тен 3 күнге дейінгі мерзімде беріледі.

«ЕХӘҚМ қазақстандықтарды шетелде тек заңды негізде жұмысқа орналасуға шақырады. Бұл заңсыз көші-қон, елден шығарып жіберу, айыппұлдар, құқықтық шектеулер және еңбек қанауы сияқты тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді», – дейді ведомство өкілдері.

Сондай-ақ Еңбек министрлігі тек ресми және тексерілген еңбек ресурстары арналарына: лицензияланған жеке жұмыспен қамту агенттіктері, мемлекеттік бағдарламалар және жұмыс берушілердің ресми ұсыныстары жүгіну қажеттігін ескерткен.