1 Маусым 19:14
...

Министрлік: Балалардың жазғы лагерьлердегі қауіпсіздігі бақылауда болады

Фото:

Орталық коммуникациялар алаңында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, ҚР Төтенше жағдайдар министрлігінің Өртке қарсы қызметі комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Оспанов Ербол Дүйсебайұлы журналистердің сұрақтарына жуап берді. 

Қазір оқу жылы аяқталып, қазақстандық балалар көптен күткен жазғы каникулдарына шықты. Жағзы каникулда балалар үшін түрлі ойын-сауықтық бағдарламаларға негізделген лагерьлер жұмыстарын бастап кетті. Ойын-сауықтық орындардың қауіпсіздігі басты орында екенін ескерсек, балалар үшін ұйымдастырылып жатқан барлық шаралар бақылауда болуы тиіс. Сол себепті құзырлы органдар лагерьлердің жұмысы басталмас бұрын барлық орындарды жіті бақылауға алуы тиіс. 

Лагерьдегі балалардың  қауіпсіздігі, денсаулығы қаншалықты бақылауда болады? Бұл жағдай пысықталды ма? Лагерь ұйымдастырушыларына қандай талаптар қойдыңыздар? NEGE тілшісі ведомства өкілдеріне осы сауалдарды жолдады. 

«Жазғы демалысты әсерлі, мәнді ұйымдастырудан бөлек, олардың қауіпсіз жағдайда демалуын қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру сұрақтары 25 мамырда Үкімет отырысында қаралғаны белгілі. Сол жерде тиісті министрліктер қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы жөнінде баяндады. Барлық ойын-сауықтық демалыс орталықтары қазіргі күні балаларды қабылдауға дайын. Есіктерін айқара ашып, барлық бағдарламаларын, қауіпсіздік шараларын қаматамасыз етіп, балаларды күтіп отыр. Бұл жерде ерекше айта кету керек, қауіпсіздікті бірнеше органдар қамтамасыз етеді. Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі орталықтардың санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеріп, арнайы қорытынды береді. Ол үшін арнайы барулар жүзеге асырылады. Одан кейін төтеншеліктер өрт қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ көптеген демалыс орталықтарында балалардың суға шомылу қауіпсіздігі қарастырылған. Ал полиция органдары болса, сол жердегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Барлық шаралар мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырылған. Жергілікті жерлерде осы министрліктің өкілдерімен бірге әрбір орталыққа тексерулер жүргізілді. Жалпы қауіпсіздік шаралары бақылауда екенін айтып өткім келеді», - деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Сонымен қатар жазғы лагерьлердің өрт қауіпсіздігін бақылауда ұстау аса маңызды. Өйткені демалыс барысында түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін.

Жазғы лагерьлер орналасқан орындардың өрт қауіпсіздік техникалары қаншалықты сақталған? Арнайы мамандар алдын ала барлығын тексеріп шықты ма? Сонымен қатар лагерьде балалардың кешке жиналып, от жағып отыруы үрдіске айналған. Бұл жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді ме? Бұл сауалға ҚР Төтенше жағдайдар министрлігінің Өртке қарсы қызметі комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов жауап берді. 

«Жазғы лагердің ашылуына орай тиісті атқарушы органдармен бірге қарқынды жұмыс жүргіздік. Биылғы жылдың өзінде 65 лагерьге тексеру жүргізіліп, 458 заң бұзушылықты анықтадық. Оларға ескертпелер айтылып, тез арада орындалуына ұйғарымдар берілді. Тек қана ұйғарымдар беріліп қана қойған жоқ, сол жерлерде оқу-жаттығу жұмыстарын жүргіздік. Төтенше жағдай болған кезде балалардың құтқарылуын және де сол лагерьлердің талапқа қаншалықты сай екенін төтеншеліктер түсіндіріп, нақтылап айтып өтті. Соңғы жылдарда лагерьлерде төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалар тіркелмеген. Демалыс лагерьлерінде кешке от жағып отыру дәстүрге айналған. Бұл бойынша көптеген сауалдар туындап жатады. Мұндай орындарда от жағуға қатаң тыйым салынғанын ескерткім келеді. Біз рұқсат бермейміз және берілген де емес», - деді комитет төрағасы. 

Жалпы балалардың барлығы жазғы уақытын ойын-сауықпен өткізбейді. Ала жаздай жұмыс істеп, ата-анасына көмектесетін жеткіншектер де бар. Қазақстанда ата-анасының рұқсатымен балалардың жұмыс істеуіне болады. Бұл жағдайды кейбір жұмыс берушілер өз пайдаларына шешуге тырысады. Жазғы демалыс кезеңінде 12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар заңсыз жұмысқа тартылады екен. 

2022-2023 жылдарда балаларды Еңбекке заңсыз тартудың қанша фактісі тіркелді? Еңбек құлдығында болған балалар бар ма? Оларға қатысты статистикалық мәлімет қандай? Бұл сауалдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Оспанов Ербол Дүйсебайұлы жауап берді. 

«Жалпы, бүгінгі Еңбек кодексіне сәйкес, ата-анасының рұқсатымен 14 жастан бастап жұмыс істеуге шектеу қойылмаған. Келісімшарт құрып, жұмыс істей беруіне болады. Сонымен қатар, өзінің Еңбек кодексі бойынша оның біраз талаптары бар. Келісімшарт соған сай жүргізілуі керек. Өңірлерде Еңбек инспекциясы бар. Инспекция жыл сайын, жоспар бойынша, жұмыс берушілерді тексереді. 2022 жылы 5 мыңға жуық жалпы тексерулер болған. Нәтижесінде 8 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Соның ішінде балаларды заңсыз жұмысқа жегудің жалпы 4 фактісі тіркелді. Қателеспесем, олар Шымкент қаласы, Қарағанды облысы, Атырау облысы болу керек. Осы үш өңірде аталмыш төрт факті белгілі болды. Және осы фактілер бойынша әкімшілік-құқық бұзушылық кодексі бар. Соның баптарына сай заң бұзған жұмыс берушілер жауапқа тартылды. Ал биылғы 4 айдың нәтижесі бойынша ондай фактілер тіркелмеді. Жалпы, біздегі еңбек инспекциясы осындай тиісті жұмыстарды бақылауда ұстайды», - деді Ербол Дүйсенбайұлы. 

Жаз айында балалар ойын-сауық орталықтарына, дамыту орталықтарына, сауықтыру орталықтарына, түрлі лагерьлерге бару арқылы өздерінің қабілеттерін жетілдіреді. Сол себепті мұндай орындардың баланың дамуына оң әсері бар. Үкімет те осы мәселені алға қойып, күн тәртібінде талқылаған болатын. Бүгінгі ұрпақ болашағымыздың іргесі екенін ескерсек, олардың бүгінгі балалық шағы бақытты өтуіне тиісті жағдай жасауымыз керек. 

Тегтер: