26 Сәуір 15:31

Министрлер экс-президенттің мәртебесі туралы айтудан НЕГЕ бас тартты?

Фото:
Кеше журналистер

дің қатысуымен өткен брифингте  Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірәсілов Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесін (91-бап, 2-тармақ, 46-бап, 4-тармақ) заң жүзінде анықтап, Конституцияда бекітілетінін айтты. Бұл қоғамдық пікірді екіге жарды.

Nege.kz тілшісі бүгін Үкіметтің жалпы отырысында министрлерден Н.Назарбаевтың мәртебесін Конституцияда бекіту туралы пікірін сұрады. Бір қызығы, бұрынғы президенттің кезінен бері мемлекеттік қызметте жүрген министрлер бұл туралы айтудан бас тартты.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Конституцияға өзгеріс енгізілетінінен «хабарсыз» болып шықты.

Б.Ақшолақов.

– Жеке адамының есімін конституцияға енгізу сіздің ойыңызша дұрыс па?

– Қай адамның?

– Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі Конституцияда бекітілетіні кеше айтылды ғой.

– Мен ол жайында хабарсызбын.

– Үкімет мүшесі бола тұра, Конституцияға өзгеріс енгізілетінін білмейсіз бе?

– Басқа сұрағыңыз болмаса, мен бара берейін.

Үкімет отырысына аудармашымен келетін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин де Назарбаевтың мәртебесіне қатысты сұраққа жауап беруден бас тартты.

Ю.Ильин.

Үкімет мүшесі ретінде айтыңызшы, Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі Конституцияда бекітілетіні қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Бұған не дейсіз?

– Ештеңе дей алмаймын.

– Қоғам мүшесі ретінде де пікір білдіре алмайсыз ба?

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қандай шешім шығарса да, толықтай келісемін.

Ақшолақов пен Ильиннің әріптесі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов тіпті ат-тонын ала қашты. 

С.Брекешев.

– Министр мырза...

– Құрметті журналист, мен бұл сұраққа жауап беруден бас тартамын.

Мен әлі сұрағымды қойған да жоқпын ғой...

– Сіздің не сұрайтыныңызды біліп тұрмын!

P.S. Экс-президент Н.Назарбаевтың мәртебесін Конституцияда бекітуді не дұрыс, не бұрыс дей алмаған министрлердің кейпі күлкі тудырды. Үкімет мүшелері әлі де әлдекімнен сескенетін сияқты...

Тегтер: