14 Сәуір 20:06
...

Министр Нұрымбетовтің бауыры не үшін ұсталды?

Фото:

Өткен жексенбі күндері Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетовті ұстады. Ол «ірі көлемде пара алған» деген күдікке ілінген. Ең «қызығы» сол, Тимуржан Нұрымбетов – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің туған бауыры екен.

Екі күннен бері әлеуметтік желіде абың-күбің әңгіме болған мәселенің мән-жайын «Время» газетінің тілшісі анықтапты. Басқарма басшысы Т.Нұрымбетов 9 млн теңге көлемінде «откат» алмақ болған.

«Тимуржан Нұрымбетов Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің назарына өткен жылдың соңында іліккен. Облыстық әкімдіктің басқарма басшысының телефон байланысы тыңдалып, басқан ізі бақылауға алынған. Мемлекеттік қызметте 20 жылдан бері келе жатқан шенеуніктің мұны сезбегені қызық екен» деп жазады басылым.

Т.Нұрымбетовтің мүгедектердің Asyl-Tirek қоғамдық ұйымымен тым жақындасып кеткені күдік тудырған. Мемлекеттік сатып алулар сайтында 2020 жылдың өзінде ғана әлгі ұйым жұмыспен қамтыуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан ешқандай ашық конкурссыз-ақ 86 млн теңгеден астам тапсырыс алған.

Тергеудің дәйегіне қарағанда, мүгедектер ұйымының жетекшісі Ғалымжан Сарымсақов ақшаның бір бөлігін пара ретінде қайтарып беруге міндеттеме алыпты. 11 сәуірде параны делдал арқылы басқарма басшысына беріп жіберген. Делдал да жай адам емес, Жамбыл облысы әкімдігі мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің басшысы Нұрзипа Романова болып шыққан.

«9 млн теңгені беріп жатқан жерінен Романова мен Нұрымбетов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің пайымдауынша, пара алу дерегі бұл ғана емес. Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлімі, 2 және 4-пункттері бойынша (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет пара алу) қылмыстық іс қозғалған».

Әрине, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов туған ағасы үшін жауап бермейді. Заңда ондай талап жоқ. Дегенмен де министрге бұл оқиғаның тым ауыр тигені анық. Ар-ожданы мазалап, отставкаға өтініш берген күннің өзінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өтінішін қабылдай қоюы екіталай. Қазіргідей қиын-қыстау кезде берілген тапсырма толық орындалуы керек. Десе де, министр Б.Нұрымбетов халықтан кешірім сұрап, қаржылай көмекті жеткізе алмай жатқанда бауырының миллиондап пара алмақ болғанын ештеңемен ақтай алмайсыз...      

Тегтер: