12 Ақпан 11:03
...

Министр Президентке жалған есеп берді ме?

айту
Фото: Nege.kz

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент отандық ІТ-жобалардың нақты тиімділігіне күмән келтірді. Әлеуеті жоғары болса да, пайдалану тұрғысынан нәтиже жоқтығын қатаң сынға алды. 

Астана, NEGE. Үкіметтің 10 ақпанда өткен кеңейтілген отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысына саладағы жұмыстар бойынша есеп берді. Ол Aitu мессенджерін 700 мың адам пайдаланатынын айтты. Алайда, Қасым-Жомарт Тоқаев мәліметтің дәлдігіне күмәнмен қарап, деректерді қайта тексеруді тапсырды.

«Менің байқауымша, Үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайды», – деп сынады Мемлекет басшысы.

САНДАР СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ

Үкіметте көтерілген бұл мәселеден кейін бизнес сарапшы Алмас Қасымжанов App Store-да Aitu қосымшасы бір айда шамамен 10 мың, ал Google Play-де 5 мың рет жүктелгенін анықтады. Оның айтуынша, пікір қалдырғандардың 71%-ы отандық өнімге теріс баға берген. Сарапшы министр келтірген мәліметтердің шынайылығына шүбә келтірді.

Aitu КІМГЕ ТИЕСІЛІ ?

Әзірлеуші компания BTS Digital мәліметінше, Aitu платформасында 6 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген.

Бұл компания бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және оны нарыққа шығарумен айналысады. Statsnet дерегіне сәйкес, 2018 жылдан бері компанияның салық аударымдары 7,2 млрд теңгені құраған.

BTS Digital компаниясының құрылтайшысы – Phoenix Fund Limited Partnership. Оның тең иелері қатарында «Қазақтелеком» АҚ және Еуразиялық топ құрамына кіретін ERG Investment Projects B.V. бар.

Shishkin_like Telegram арнасының мәліметінше, BTS Digital мемлекеттік сатып алу аясында жалпы құны 11,5 млрд теңге болатын 20 келісімшарт жасаған. Келісімдердің басым бөлігі 2024–2025 жылдары жасалған. Соның ішінде компания «Қазақтелекомнан» мамандармен қамтамасыз ету қызметі үшін 7 млрд теңге көлемінде төлем алған.

Сонымен қатар компанияның тапсырыс берушілері қатарында «Кселл» мен «Қазатомөнеркәсіп» те бар.

CHATGPT-ДІҢ БАЛАМАСЫ — KAZLLM

Президент сынына қайта оралсақ, әңгіме отандық KazLLM жобасы жайлы болмақ. Осы жобаны қаржыландыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге конкурс жариялаған (2024 жылы — 1,92 млрд теңге, 2025 жылы — 800 млн теңге, 2026 жылы — 1,2 млрд теңге).

Мемлекет басшысы бағдарламаның бірқатар кемшіліктеріне байланысты оған сұраныстың төмен екенін атап өтті. Сондай-ақ, пайдаланушылардың ChatGPT-тен KazLLM-ге ауысуға асықпай отырғанын айтып, жобаның тиімділігіне күмән келтірді.

Президенттің пайдаланушылар саны туралы сұрағына жауап берген министр Жаслан Мәдиев модельге 600 мыңнан астам сұраныс түскенін мәлімдеді.

KazLLM жобасы 2024 жылдың желтоқсан айында іске қосылған. Алайда отандық жасанды интеллект әлі күнге дейін App Store мен Google Play платформаларына бейімделмеген, сондықтан оны бұл сервистер арқылы жүктеу мүмкін емес. Қазір жүйені ISSAI әзірлеушісінің ресми сайты арқылы ғана пайдалануға болады. Оның өзінде жасанды интеллект бірнеше бөлімнен тұрады.