28 Маусым 19:08
...

Мың бала Астанада қонақ болады

Фото:

       Елорданың 25 жылдығына орай Астана қаласы әкімдігі еліміздің барлық облыстарындағы мыңнан астам балалар үшін «Астана – менің Отанымның елордасы» атты әлеуметтік тур ұйымдастыруда.

Алматы, NEGE. Турдың алғашқы кезеңі 27-29 маусым аралығында өтіп, оған бірінші болып Абай облысының 52 баласы қатысты. Бас қалада бірнеше күн қонақ болған кезінде оларға елорданың ең көрнекі деген оннан астам нысаны көрсетілді.

Тур аясында кәсіби гидтердің көмегімен әр өңірдің балаларына 3 күндік ерекше экскурсия және мәдени-көңіл көтеру бағдарламасы ұйымдастырылады. Саяхат «Бәйтерек» монументінен басталады. Сондай-ақ үш күнде олар «Нұр Әлем» болашақ энергиясы музейі, ҚР Тұңғыш Президентінің музейі, ҚР Ұлттық музейі, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы сияқты елорданың басты көрікті орындарын аралайды. Сонымен қатар, балаларға арналған ең қызықты сауықтыру орындары – Океанариум, Джунгли, Қазақстандағы ең үлкен шолу дөңгелегі, батут саябағы көрсетіледі, бұл балалардың саяхатын қызықты әрі жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

Жобаның ұйымдастырушысы – Астана қалалық әкімдігінің «Астана даму орталығы» ЖШС-і өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік турға 10-14 жас аралығындағы аз қамтылған отбасылардың балалары, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балалар, сонымен қатар оқу үлгерімі мен шығармашылық дарыны жағынан ерекшеленетін оқушылар қатысады.

  – Жоба мақсаты – ел жүрегі Астана туралы балаларға неғұрлым көбірек ақпарат беру, олардың патриоттық рухын, Отанға деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттыру, тарих пен мәдениет жайлы қосымша білім беру, балаларға жақсы оқыған жағдайда жетуі мүмкін мүмкіндіктер мен жетістіктерді көрсету, қиын өмірлік жағдайларға тап болған оқушыларға жәрдемдесу, олардың көңілін көтеріп, ерекше сауықтық бағдарлама арқылы айналамен байланыс орнатуға ықпал ету. Жалпы бұл тур бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Пандемияға дейін үш жыл қатарынан өткізгенбіз. Міне содан кейін 4 жыл өткенде қаламыздың ширек ғасырлық мерейтойына орай жобаны жаңа форматта қайта жаңғырта отырып жүзеге асырып жатырмыз, – дейді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Тілеужан Өмірзақ.

       Балалардың елордадағы саяхаты кезінде қонақүйде жату шығыны төленген, үш мезгіл тамағы тегін. Астанаға пойызбен келу және қайту жолының шығынын облыс әкімдіктері көтереді. Қаланы аралаған кезде арнайы бөлінген автобустармен жүреді. Бір жарым айдың ішінде өтетін турды одан әрі Алматы қаласының балалары жалғайды. Осылайша шілденің аяғына дейін барлық облыстың балалары тур аясында Астанада саяхаттап үлгереді.

Тегтер: