22 Мамыр 11:26
...

«Мылтықты «Хутордың» трассасына көтеріліп бара жатқан кезде тастады» – Куәгер Дана Жақсыгелдінің айғақ видеосы көрсетілді

Дана Жақсыгелді
Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Бүгінгі сот отырысында сот тергеу әрекеттері мен куәгерлердің, жәбірленушілердің оқиға орнына барып айғақ берген бейнежазбалары қаралып жатыр.

Айғақтарды сол жерде тексеру және нақтылау туралы қысқаша хаттама бойынша куәгер Дана Жақсыгелдінің 18 қазанда «Қамажай» дүкенінің алдында берген айғағының таспасы көрсетілді. 

«Біз сол күні кафеден шығып, «Қамажайға» келдік. Бірақ, біз қай дүкенге келетінімізді білмедік. Бізге дүкенге кіріп шығып, темекі алып шығамыз деп айтты. Дүкенге келдік. Көліктен бірінші болып ұлдар түсіп кетті. Содан біз түсіп, дүкенге кіріп-шыққаннан кейін балалардың ерегесін көрдік. Сақалды бала бізге қарама-қарсы жақтан, ағаш жақтан ғой деймін, оқ атты. Менің сол кезде құлағымды жауып, қорыққаннан көлікке қарай жүгіргенім есімде. Одан кейін 2-3 рет тағы да оқтың даусын естідім. 2-3 рет бізге қарама-қарсы жақтан атқандай болды. Мен көлікке қарай жүгіріп қашып кеттім және көлікте отырдым. Сосын балалар қайтадан келіп, көлікке отырды. Сол кезде біз қайтатынымызды айтып, апарып тастауын сұрадық. Олар Талғарға қарай дүкенге кіріп шығатынын, Талғарға қайтар жолда апарып тастайтынын айтты. Ақұбұлақтың трассасына қарай шығып бара жатқандай болдық. Жолда «777» дүкеніне кірдік, сосын тауға қарай көтерілдік. Сол жақтан аялдама жасап, бір жерге тоқтадық. Таудан түсіп келіп жатқан кезде бізді полицейлер ұстады», – деді Дана Жақсыгелді.

Айғақ видеода куәгер «777» дүкенінде не болғанын баяндады. 

«777» дүкеніне тоқтадық, сол кезде Нұрқияс пен Шыңғыс, Эльмира ішке кірді. Эльмираның Dizzy алып шыққаны есімде. Сосын ол Dizzy-ды көліктің капотына қойды. Шынасыл Абзал еңкейіп бір затты сүртіп жатқандай болды. Ол маған Dizzy-ды беріп жіберші деді. Мен келісіп, Dizzy-ды құйып жатқанда пышақтың жүзін көрдім. Басында қолын шаятын шығар деп ойладым. Мен Dizzy-ды оған бердім де, өзім көлікке қарай кетіп қалдым», – дейді куәгер. 

Дана Жақсыгелдінің видеодағы айғағында айтқан сөзіне сәйкес, мылтықты көліктің алдынғы орнына Шыңғыс немесе Абзал әкеліп қойған. 

«Алдында тұрған мылтықты... Хутордың трассасына көтеріліп бара жатқан кезде жолдан бір жерге тоқтады. Сол жерде Шыңғыс сол затты көліктен алып шықты. Біз көліктен түсіп, темекі шегіп тұрғанда оның қолында ештеңе болмады, құр қол келді», – деді Дана Жақсыгелді.