6 Ақпан 11:59
...

«Миллион сомдық» дәретхана. Жетісу облысынан НЕГЕ ши шыға береді?

Әкім
Фото: Коллаж NEGE

Соңғы уақытта Жетісу облысынан жиі ши шығатын болды. Себебі белгілі: әкімі әлсіз. Әкім әлсіз болған соң командасын да «ойдан-қырдан» жинап алғандай көрінеді. Өйткені екі күннің бірінде бастары дауға шатылады да жатады.

Жетісу облысының білім саласы өткен жылы ғана былыққа әбден батып еді, биыл жыл бастала салып-ақ тағы да «бюджет қаражатын жымқырды» деген «атаққа» қалды.

Жетісу облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімінің есепшісі мұғалімдерге жалақы мен демалыс ақысын жоғарылатып заңсыз төлеу арқылы, сондай-ақ бұл ұйымда мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға ақша аудару арқылы 34 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырған.

Сарқан ауданының әкімдігі туристік орындардағы орнатылмаған санитарлық-гигиеналық тораптар үшін 29 миллион теңгеден астам ақша төлеген.

Сарқан
Фото: ғаламтордан

«Осы фактілер бойынша Жетісу облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (ерекше ірі көлемдегі жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Бұл баптың санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп хабарлады Жетісу облысының прокуратурасы.

Облыстық прокуратураның «санитарлық-гигиеналық тораптар» дегені – дәретханалар. Сарқан ауданының аумағындағы жол бойында заманауи дәретханалар салынуы керек болған. Алайда Исабаевтың қарамағындағылар жоқ дәретханаларға «29 млн теңге жұмсадық» деп, бюджет қаржысын қолды қылған. Кінәлілер анықталып жатыр.

Жетісу облысының әкімі Б.Исабаев Сарқан ауданына бара қалса, өзі қиналып қалайын деп тұр. Табиғи қажеттілік қысқанда жол бойындағы ағаштарды айналып жүргені қайбір жақсы дейсіз?..