Миллиард теңге қарызы бар Қазақстан азаматы шетел асып кеткен
Аудандық сот 2018 жылы Қазақстан азаматын басқа ортақ борышкерлермен бірге банкке 1 млрд теңгеден астам берешекті төлеуге міндеттеген.
Алматы, NEGE. Банк Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шетелге шығуға шектеуді тоқтата тұру жөніндегі қаулыны заңсыз деп тану және жою туралы жеке сот орындаушыға талап қоюмен жүгінді, деп мәлімдеді Жоғарғы сот.
Атқарушылық іс жүргізу аясында сот орындаушысы борышкердің елден шығуына уақытша шектеу жайлы қаулы шығарды, – деп толықтырды ведомство.
2024 жылдың сәуірінде жеке сот орындаушысы борышкер өкілінің өтініші бойынша оның елден шығуына уақытша шектеуді тоқтатты. Аталған қаулы сотпен санкцияланған. Шектеуді тоқтату үшін борышкердің шетелде емделу қажеттілігі туралы дәлелдеме негіз болды. Алайда, борышкер Қазақстанның шегінен шыққаннан кейін ресейлік телеарнада танымал бағдарламаның түсіріліміне жүргізуші ретінде қатысқан.
Борышкер тарапынан ұсынылған медициналық комиссияның қорытындысы 2023 жылдың 7 наурызында берілген, яғни сот орындаушысына диагноз жайлы өтініш жасаған кезде 1 жылдан астам уақыт өткен. Сонымен қатар, қорытындыдағы диагноз (ойық жара, гастрит) Қазақстанда емделуге мүмкіндіктің бар екендігі туралы медициналық анықтамаларда көрсетілген. Осыған байланысты, банк борышкердің республикадан шығуын негізсіз деп есептеді.
Сот шешіміне сәйкес, барлық жағдай ескеріле келіп, банктің жеке сот орындаушысына қойған талабы қанағаттандырылды. Уақытша шығу шектеуін тоқтату жайлы қаулы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Дегенмен сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Борышкердің шағымы бойынша іс апелляциялық инстанцияда қаралып жатыр.