7 Сәуір 15:09

«Миына күрделі ОТА жасалған»: МАШКЕВИЧТІҢ хәлі мүшкіл екені рас па?

Фото:
ERG компаниясы

Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичтің миына жуырда күрделі ота жасалған көрінеді.

Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, миллиардердің миынан кінәрат анықталғанына біраз болған. Сол себепті ота да шұғыл емес, жоспарлы түрде өткен.

Дәрігерлер отаның қай түріне де сергек қарайды ғой. Ал егер ота адамның басына жасалса, оның қиындығы еселене түсері анық. Дегенмен, бізге жеткен дерекке қарағанда, «миллиардердің миындағы ісікті алып тастау» отасы сәтті өткенге ұқсайды. Сондықтан да «Машкевичтің хәлі мүшкіл екен» деген пікір жаңсақ болуы мүмкін.

Жалпы, қалталылар жиі барып емделетін екі ел бар. Оның бірі – Израиль, екіншісі – Германия. Дереккөздің ақпарына сенсек, Машкевич отаны Германияның Мюнхен қаласында жасатқан.

Фото: ғаламтордан

Тілшіміздің зерттеуінше, Мюнхенде әлемдік деңгейдегі клиникалар аз емес. Бұлардың ішіндегі нейрохирургиясы әбден дамыған орталық – Рехтс дер Изар Мюнхен Университет клиникасы. Онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа тәсілдеріне машықтанған бұл клиника дүниежүзі бойынша аса беделді зерттеу орталықтарының бірі саналады.

Міне, миллиардер Машкевичтің басына осы Рехтс дер Изар клиникасында ота жасалған болуы әбден мүмкін.

Мұның анық-қанығын білмекке, тілшіміз ERG компаниясының баспасөз хатшысы Фатима ҚОСАЕВАҒА хабарласқан. Алайда компанияның баспасөз хатшысы жол жүріп бара жатқанын айтып, сауалдарды поштаға жіберуді сұрады. Жауап алғымыз келген сұрақтарды компанияның поштасына жолдадық.

Әрине, егер Александр Машкевичтің миына күрделі ота жасалғаны анық болса, біз оның тезірек сақайып, қатарға қосылғанын шын қалаймыз. Машкевич пен оның компаниясы атқаруға тиіс шаруа әлі де шаш етектен. Сол шаруалардың бірі әрі бірегейі – 2017 жылдан бері ERG мемлекетке төлемеген дивидендті елге қайтару.

Сондықтан да бүкіл ел болып саулығыңызды тілейміз, Александр Антоныч!    

Тегтер: